«15-17 теңгеге қымбаттауы мүмкін»: Серік Жұманғарин азық-түлік бағасына тоқталды

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин азық-түлік қымбаттауы мүмкін екенін айтты.

«Баға өсімі тауарларға қалай әсер ететіне тоқталайын. Жеңіл тауар болса аса қымбаттамайды, ірі өнімдерге баға тиісінше өсуі мүмкін. Жанар-жағармай бағасы өскен жағдайда, мысалы қантқа әсері – 5%, ал күнбағыс майының бағасы 2,4%-ға өседі деген болжам бар. Шамамен 15-17 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Қазір тауар өндіруші ірі кәсіпорындар бензин, дизельмен жұмыс істемейді. Олар газға көшкен, ал газдың бағасы әзірше өспейді», – деді Серік Жұманғарин Үкімет отырысынан кейін.

Биыл күзгі егіс жұмыстарына 413 мың тонна дизель отыны бөлінді. Ол арзандатылған баға бойынша литрі 204 теңге болады.

«Бұл баға өзгермейді. Сондықтан жанар-жағармай бағасының өсуі азық-түліктің қымбаттауына аса әсер етпейді. Қазір елімізде баға тұрақты, осы орайда бірден өсіруге негіз көрмей тұрмын. Оның үстіне бізде азық-түлік қоры бар», – деді ол.

Бұған дейін Үкімет басшысы да осы мәселеге пікір білдірген еді.

Сондай-ақ оқыңыз