Жаңалықтар

Бензин мен дизель отынының қымбаттауы инфляцияға әсер етеді – Үкімет басшысы

Бензин мен дизель отынының қымбаттауы инфляцияға әсер етеді
Фото: Kursiv.media


Премьер-министр Әлихан Смайылов елімізде жанар-жағармайдың қымбаттауы инфляцияға тікелей әсер ететінін айтты.

«Жанар-жағармай бағасының өсуі инфляциялық процестерге белгілі бір деңгейде әсер етеді. Оның тікелей ықпалын ескерсек, жан басына шаққанда орташа есеппен тұтыну себетіндегі дизель отынының үлесі – 0,4%, АИ-92 бензині шамамен 2%. Инфляцияның жалпы деңгейіне шамамен 0,35% әсер етеді. Бұл тікелей әсер етенінін көрсетеді», – деді Смайылов Үкімет отырысынан кейін.

Мемлекет басшысы бізге жыл соңына қарай инфляция деңгейін 2 есе төмендету міндетін қойды.

«Сондықтан Үкімет инфляциялық процестерді тежеу бойынша жүйелі және жедел шаралар қабылдап жатыр. Наурыздың қорытындысы бойынша біз инфляция қарқынының айтарлықтай баяулағанын көріп отырмыз», – деді премьер-министр

Айтуынша, ақпанда жылдық инфляция 21,3% болса, наурызда 18,1% болды.

«Бұл процесс одан әрі жалғасады. Инфляциялық процестерді тежеуге бағытталған шаралар кешенін белсенді түрде іске асырамыз», – деді Әлихан Смайылов.

Бұдан бұрын елімізде бензин мен дизель бағасы көтерілетінін Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов мәлімдеген болатын. Үкімет басшысы бұл мәжбүрлі қадам екенін айтқан еді.