Фото: Үкіметтің ресми телеграм арнасы
Биыл 2 миллионнан аса отбасыға әлеуметтік төлем төленеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің м.а. Тамара Дүйсенова мәлімдеді.
Дүйсенованың айтуынша, министрлік президенттің тапсырмаларын орындау үшін жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр. Мысалы, биыл әлеуметтік төлемдер 2 миллионнан аса отбасыға беріледі. Оған 1,2 трлн теңге жұмсалады.
«Бала күтімі бойынша жәрдемақы алушылардың жалпы саны 435 мың адамнан асты. Оның ішінде 93 мың жұмыс істемейтін анаға жәрдемақы республикалық бюджеттен, ал 343 мыңнан аса жұмыс істеген аналарға – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленіп жатыр», – деді Дүйсенова.
Мұндай төлемді биыл дүниеге келген және былтыр туған, бірақ жасы әлі 1-ге толмаған баласы бар 760 мың отбасы алады деп жоспарланған. Бұл мақсатқа 334,5 млрд теңге көзделген.
Сондай-ақ Тамара Дүйсенова әлеуметтік көмек жүйесін жаңғыртуға тоқталды.
«Атаулы әлеуметтік көмек алушылар отбасыларындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған натуралды пакет биылдан бастап ақшалай беріліп жатыр. Бүгін 114 мыңнан аса осы санаттағы балаларға 1,4 млрд теңге әлеуметтік көмек берілді», – деді ол.
Атаулы әлеуметтік көмекке қажетті 74 млрд теңге балаларға арналған ақшалай төлемдерді қоса өңірлерге жалпы сипаттағы трансферттермен берілді.