Көптеген министр өз орнында қалды

Жарияланды

Фото: shutterstock.com

Қазақстан үкіметі қайта жасақталып жатыр. Дегенмен, көптеген министр өз креслосын сақтап қалған. Бүгін Президент ҰЭМ, Мәдениет және спорт, Әділет және Еңбекминінің басшыларын тағайындады.

2022 жылғы 11 қаңтардан Ұлттық экономика министрлігін басқарып келе жатқан Әлібек Қуантыров өз қызметінде қалды.

«Әлібек Сакенұлы Қуантыров Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі лауазымына тағайындалсын», делінген мемлекет басшысының жарлығында.

Ең жас министрлердің бірі және қызметке келгеніне көп бола қоймаған Асхат Оралов та өз орнында қалды. Мемлекет басшысының жарлығымен Асхат Раздықұлы Мәдениет және спорт министрі лауазымына қайта тағайындалды.

Биыл қаңтарда ғана Әділет министрі атанған Азамат Есқараев та сол қызметін жалғастыра беретін болды. Министрлік қызметке Есқараевпен қатар келген Марат Қарабаев та қайтадан Иидустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып тағайындалды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін бірнеше рет басқарған Тамара Дүйсенова да өз қызметін жалғастыра беретін болды.

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Сыртқы істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігінің жаңа басшылары тағайындалған еді.

30 наурызда Әлихан Смайылов қайтадан Үкімет басшысы болып тағайындалған.

19 наурызда өткен Парламент мәжілісі мен әр деңгейдегі мәслихаттар сайлауынан кейін, еліміздің бұрынғы үкіметі өкілеттігін тоқтатқан болатын.  

Сондай-ақ оқыңыз