Қор нарығындағы төрт басты стратегия

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Қор нарығында қадам басуды ойлап жүргендер алдымен бұл тақырыпта біршама білім жиғаны дұрыс. Өйткені трейдер болу үшін белгілі бір жоспар жасалып, стратегияларға сүйену керек. Сауда стратегиясын жасау арқылы қор нарығында сенімді әрекет етуге жол ашылады. Кей мәмілелер бірер секунд уақытты ғана алады, ал енді бірі жылдап жалғасады. Бұлардың әрқайсысының заңдылықтары мен ерекшеліктері бар. Бүгінгі материалымызда қор нарығындағы басты стратегиялар туралы айтамыз. 

Стратегиялардың өзіндік критерийлері болады. Мысалы, мерзіміне қарай — қысқа, орта және ұзақ, одан барып спекуляциялық және инвестициялау деп бөлінеді. Ал мәміле бағытына қарай өсіп келе жатқан және керісінше құлап жатқан нарықта деп қарастырылады. Тәуекел дәрежесіне қарай былай бөлеміз: төмен, орташа және жоғары.

 Скальпиң (scalping) — ұзақтығы 24 сағаттан аспайтын келісімшарт түрі. Көбіне мұндай мәмілелер бірер секунд не минутқа ғана созылады. Тәжірибеңіз жеткілікті болса, ондаған лот ашып, күн аяқталғанда айтарлықтай табысқа кенелуге болады. Мұндай іс-шара қатысушыларын «скальперлер» деп атайды. Скальпиңнің ерекшелігі сол — қысқа мерзім ішінде орташа табысқа ие болуға мүмкіндік беретіні. Валюта нарығында трейдерлердің дені осылай жылдам пайда тапқысы келіп тұрады. Тағы бір артықшылығын айта кетсек, мұнда нарыққа кіретін және одан шығатын нүктелерді таңдау оңай. Клиенттер ұзақ уақыт бойы техникалық анализ жасап отырмаса болады. Бірақ солай екен деп арқаны кеңге салуға тағы болмайды. Өйткені стратегиялардың басқа түрлері секілді мұнда да негізгі машықтарды білу маңызды.  

Дей-трейдиң (day-trading) — атауы айтып тұрғандай, мұнда бір күнде ондаған мәміле жасалады. Қатысушыларды «дейтрейдерлер» деп атайды. Олар көбіне техникалық анализға сүйенеді. Әрі сауда үлгілері мен кіретін және шығатын стратегиялық мүмкіндіктерді анықтау үшін күрделі кестелер жүйесін жасайды. Дейтрейдердің мақсаты — акциялар мен валюталар сатып, сонымен күн көру. Көп мәміле жасасып, содан пайда көріп отырады. Қайсысында шығын көбірек болып жатса, оны шектеп қояды. Тағы бір айта кететін жайт — олар көбіне еш тармақты ұстанбайды. Түнге қарай әлдебір құнды қағаздарды да алмайды.  

 Суиң-трейдиң (swing trading). Бұл стратегияның негізі бірнеше күн ішінде акциялар мен валюталарда болған өзгерістерге сүйенеді. Соған қарай мұның ұзақтығы да әр түрлі: кейбірі бірнеше күнге жалғасса, енді бірі тіпті апталарға ұласады. Дейтрейдерлерге қарағанда суиң-трейдер мұны басты табыс көзі қылмайды. Бірақ, әрине, кейде екеуін де қатар алып жүретіндер табылады. Осыған қарап, суиң-трейдиңді интрадей трейдиң мен позициялық сауда арасындағы аралық стиль десек болады. Бірақ мына басты ережені есте ұстаған абзал: сіз тек пайдалы позицияларды және қазіргі трендтің күшін және оның әлеуетін растайтын маңызды факторлар болған жағдайда ғана аудара аласыз.

Инвестициялау. Бұл енді ұзақ мерзімдік жоспары бар адамдарға арналған. Классикалық қағидасын buy and hold дейді. Яғни сатып алдыңыз да, ұстап отырасыз. Нарық қалай «шайқалып» жатса да, инвестор кейінгі 20 жыл бойы 20 пайызға өсіп отырған nasdaq-тың әрмен қарай да осы қарқында өсетінін түсінеді. Инвестор индекске ақша салып, содан жылдық пайызын алып отыра алады. Яғни бұл жағдайда инвестор индекспен бәсекелеседі. Қалай анықтайтынына келсек, ол индекстің ішінен не индекске кірмейтін — бес жыл ішінде 20 пайыздан астам өсетін компаниялардан таңдайды.  

 Бұған дейін инвестиция жасауға арналған қазақстандық 4 мобайл қолданба туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз