Жаңалықтар

Жанар май бағасын көтеруге мәжбүр болып отырмыз – Смайылов

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов бензин мен дизель отыны бағасының қымбаттауына қатысты пікір білдірді.

«Кеше энергетика министрлігі дизель отыны мен бензиннің бағаларын көтеру бойынша тиісті шешім жобасын жариялады. Бұл оңай шешім емес. Бұл шешімді қабылдауға мәжбүр болып отырмыз. Қазір мұнай өнімдерінің бағаларын қайта қарамасақ, онда жақын арада біз мұнай өнімдерінің тапшылығына тап боламыз», – деді Смайылов Үкімет отырысынан кейін.

Айтуынша, елімізде дизель мен бензинді тұтыну деңгейі өте жоғары.

«Баға айырмашылығын қазір төмендетпесек, дизель отыны бойынша биыл 850 мың тонна тапшылыққа ұрынамыз. Біздің арзан отынымыз өзіміздің ұлттық мүдделерімізге емес, көрші елдердің экономикасына жұмыс істеп жатыр. Сондықтан жанар-жағармай нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін осы көрші елдердегі бағалармен айырмашылықты төмендетуіміз керек», – деді премьер-министр.

Айтуынша, бұл жанармайды жаппай шығарылуын төмендетуге және ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, АИ-92 және АИ-93 маркалы бензинге 182-187-ден (өңірге байланысты) литріне 205 теңгеге дейін қымбаттайды.
Дизель бағасы 295 теңге (1 литрі) болады. Қазір аймаққа байланысты оның баға 230-260 теңге деп өзгереді.