Жол салуда талай олқылықтар орын алған

Жарияланды

Жоғары аудиторлық палата инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына және көлік инфрақұрылымын дамытудың бюджеттік инвестициялық жобаларын іске асыруға бөлінген қаражаттың тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізген.

Аудит барысында автожол саласындағы инвестициялық жобалар бойынша бюджет және қарыз қаражатының сапасыз жоспарлануы және оларды игеру кезіндегі есептеулерде қателіктер анықталған.

Мысалы, ИИДМ және мониторингілеуді жүзеге асыратын ҰЭМ уәкілетті органдар арасында көрсеткіштерге қол жеткізуге қатысты есептік деректердің айтарлықтай алшақтықтары бар болып шыққан. Сондай-ақ көлік инфрақұрылымын дамыту жобалары бойынша қарыздар бірнеше рет ұзартылып, ол жұмыс құнының қымбаттауына, қызмет көрсетуге арналған қосымша төлемдерге әкеп соқтырған.

Атап айтсақ Оңтүстік-Батыс автожолын дамыту жобасы: «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі сомасы 2 125 млн АҚШ долларына төрт рет ұзартылған. Қарызды игеру кезеңі 4 жылдан бастап 2013 жылғы желтоқсанға дейін, 15 жылға және 2025 жылғы 30 сәуірге дейін, 4 айға ұзартылды. 2022 жылғы 1 шілдеге қарызды игеру 91,3%-ды құрап, оның құны 1 940,6 млн доллар болған. Шығыс-Батыс автожолын дамыту жобасы Алматы-Қорғас учаскесі: Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық транзиттік дәлізі бойынша қолданылу мерзімінің сомасы 1 068 млн долларға 4 жылдан 10 жылға дейін, қосымша 2024 жылдың 30 сәуіріне дейін 10 айға ұзартылған. 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қарыз 70,7%-ға игерілді. Ол 755,7 млн долларды құрайды. 2021 жылғы желтоқсаннан 2023 жылғы желтоқсанға дейін сомасы 240,3 млн долларға «1-ші және 6-шы дәлізді қосатын «Ақтөбе-Мақат» автожолын реконструкциялау жобасы бойынша қолданылу мерзімі ұзартылды. 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қарыз қаражаты 76,9%-ға игеріліп, 184,7 млн доллар болған.

Сонымен бірге нарықтың отандық жол-құрылыс материалдарымен жеткіліксіз толықтырылған. Құжатта битумның сапасының нашар болуы және жолдарды салу мен жөндеудің өзіндік құнына әсер ететін жүк вагондарының жетіспеушілігі туралы да айтылған. «Мысалы, 2021 жылы Ұлттық сапа орталығы жол битумының 1400-ден астам сынамасын зерттеген, оның 300-і сапасы бойынша нормативтердің талаптарына сәйкес келмейтін боп шыққан. Нәтижесінде, асфальт-бетон жабыны тез бұзылады, қызмет көрсетудің кепілдік мерзімі қысқарады. Орта есеппен 59 мың талап етілетін жартылай вагонның ішінен жыл сайын 49% ғана немесе 29 мың бірлік мөлшерінде қажеттілікті қанағаттандырған» делінген құжатта.

Одан басқа құжатта автожол саласындағы нормативтік-құқықтық базаның жетілмегендігі туралы айтылған. «Автомобиль жолдарының жай-күйін бағалау, сондай-ақ жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу әдіснамасы өзектендірілмеген. Мердігер ұйымдардың орташа жөндеу жұмыстарды тиісінше орындамағаны үшін техникалық қадағалау қызметтерін жауапқа тарту тетігі жоқ. Бұдан басқа, мемлекеттік сатып алу туралы қолданыстағы заңнама автожол саласында тәжірибесі жоқ заңды тұлғаларға нормативтік-техникалық құжаттаманы әзірлеуге және өзекті етуге қатысуға мүмкіндік береді» деген мәліметтер келтірілген. Жоғарыда көрсетілген кемшіліктермен қатар «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-да және оның филиалдарында да бірталай жекелеген заң бұзушылықтар да анықталған.

Сондай-ақ оқыңыз