2023 жылы экспортқа шығатын мұнай көлемі артады: оны қалай тасымалдайды?

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Геосаяси жағдайға байланысты Қазақстан мұнай тасымалдауда біраз қиындықтарға тап болды. Мәселен, 2022 жылы КҚК 58,7 миллион тонна мұнай, оның ішінде Қазақстаннан 52,2 миллион тонна шикізат айдаған. Бұл көрсетікштер 2021 жылмен салыстырғанда 3,3%-ға қысқарған. Десе де, 2023 жылы консорциум қара отынды үлкен көлемде тасымалдауға дайын. Атап айтқанда, Теңізден 29 миллион тонна, Қарашығанақтан 11 миллион тонна, Қашағаннан 15 миллион тонна жеткізу жоспарлануда.

«Бізге жыл сайын өтініштер түсіп отырады. Біз биылғы жылға 66 миллион тонна тасымалдауды жоспарладық. Ал өткен жылы 62 миллион тонна экспорттаймыз деп жоспарлаған едік. Оның 58,7 миллион тоннасын тасымалдай алдық», деді Атырауда өткен баспасөз мәслихатында «Каспий құбыр консорциумы-К» компаниясы директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин.

Сонымен қатар, маман КҚК мұнай тасымалдау тарифтері әзірге көтерілмейтінін айтты.

Осы орайда Ресейді айналып өтіп, үлкен көлемде мұнай тасымалдау мүмкін бе деген орынды сұрақ туындайды. Консорциум өкілі қазақстандық мұнайды Ресейді айналып өтіп, баламалы бағыттар бойынша тасымалдау тәсілдерін іздестіру әрекеттерінен ешқандай қатер көрмейтінін айтады. Десе де қолда бар бағыттар бойынша да қажетті мөлшерде мұнай тасымалдауға әлеуетіміз жетеді екен.

«КҚК баламасына келетін болсақ, мұнай тасымалдаудың баламалы бағытын құру – оңай шаруа емес. Қазақстан, ішкі құрлықта орналасқан мемлекет. Біздің ашық теңізге шығуға мүмкіндігіміз жоқ, сондықтан басқа елдердің аумағы арқылы өтуіміз керек. Оның транзиттік тәуекелдері де жоқ емес. Сәйкесінше, кез келген бағыт қымбатқа түседі, сондықтан бұл жоба тиісті кепілдіктерді талап етеді. Бүгінгі таңда Қазақстанда жаңа нысанның құрылысын немесе жобасын ақтайтын мұнай көлемі жоқ. Бүгінгі таңда өндіріліп жатқан мұнай көлемі КҚК арқылы тасымалданады», дейді консорциум өкілі.

Ол сонымен қатар КҚК халықаралық жоба екенін және АҚШ Мемлекеттік департаменті мүдделі тараптарға оның санкцияға жатпайтынын ресми түрде хабардар еткенін еске салды. Мәселен, өткен жылы КҚК арқылы тасымалданған 58,7 миллион тонна мұнайдың 52,2 миллион тоннасы Қазақстаннан жіберілген. Сол себепті де КҚК мұнай тасымалдайтын негізгі экспорттық бағыт болып саналады. Десе де, баламалы бағыттың болғаны дұрыс деп есептейді маман.

Бүгінде мұнай тасымалданатын басқа бағыттар қатарында Каспий теңізі арқылы Бакуге, одан әрі Еуропаға баратын Транскаспий жолы бар. Одан өзге Қытай бағытында мұнай тасымалдайтын құбырлар жүйесі де шамамен жылына 15 миллион тонна мұнай жеткізеді. Ол құбыр арқылы Ресейдің 10 миллион тонна мұнайы да өтеді.

«Парсы шығанағына қатысты айтар болсақ, оның өзіндік жоғары транзиттік тәуекелдері де бар. Мәселен Иран, санкция салынған ел. Одан басқа Каспий теңізі арқылы өтетін жолдың экологиялық қауіпсіздігі, тасымалдау бағыты, транзиттік елдер – Әзербайжан, Грузия, Түркиямен келіссөздер жүргізуге қатысты көптеген мәселелер бар. Баламалы жол салу үшін мемлекетаралық келісім керек, соған сәйкес инвесторлар мен басқа елдер арасындағы келісімдер дайындалуы тиіс. Бұл – үлкен жұмыс», дейді Қабылдин.

Бүгінде Баку-Тбилиси-Джейхан арқылы 3 миллион тоннаға дейін қазақстандық мұнайын жеткізуге болады. Дегенмен, Теңіз мұнайын тасымалдауда біздің мұнай құрамында күкірттің жоғары болуына байланысты шектеулер бар. Яғни қазақстандық мұнай құбырдың Джейхандағы соңғы нүктесіндегі жеңіл әзірбайжан мұнайының сапасына өз әсерін тигізеді екен.

Жалпы Ресейді айналып өтетін мұнайдың алғашқы жеткізілімі биыл басталды. Атап айтқанда, Қашаған операторы North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумының 7,563% үлесін иеленетін Inpex North Caspian Sea Ltd. компаниясы Ақтау порты арқылы және одан әрі теңіз порты арқылы 7 мың тонна мұнайды сынақтан өткізіп, тасымалдап көрді.

Ол Еуропаға Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры арқылы кетті. Ал биылғы жылы Қазақстанның тағы бір ірі кен орны – Теңізден 1,5 миллион тонна мұнай жеткізу жоспарланып отыр. Ал сәуір айында БТД арқылы 150 мың тонна қазақстандық мұнай жөнелтіледі деп жоспарланған болатын. Бұл бағыт арқылы мұнай тасымалдау Түркиядағы жер сілкінісі салдарынан Джейхандағы терминалдың жұмысы тоқтап қалғанына байланысты тоқтап, наурыз айында қайта басталған.

Осыған дейін толығымен КҚК арқылы экспортталып келген мұнай бүгінде Ақтау портына жеткізіліп, онда танкерлерге тиеліп, теңіз арқылы Бакуге жеткізіледі. Онда ол Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбырына құйылады. Енді тағы бір бағыт бар. Ол – Бакуден мұнайды теміржол арқылы Грузияның Батуми қаласындағы қазақстандық мұнай терминалына жөнелту арқылы жүзеге асыралмақ. Биыл Ақтаудан 3,5 миллион тоннаға дейін қазақстандық мұнайды экспорттауға болады, ал техникалық мүмкіндігі 6,2 миллион тоннаға дейін жетеді.

Сондай-ақ оқыңыз