Челахтың ісіне қатысты Бас прокуратурадан Шекара қызметіне өтініш түспеген

Жарияланды

Челахтың ісіне қатысты Бас прокуратурадан Шекара қызметіне ешқандай өтініш түспеген. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін айтты.

«Челахтың ісіне қатысты Бас прокуратурадан ҰҚК Шекара қызметіне ешқандай өтініш түспеді. Құжаттар да түскен жоқ», – деді Ерлан Алдажұманов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін.

Сондай-ақ ол қазір Арқанкерген шекара бекеті жұмыс істемейтінін айтты.

«Қазір ол жұмыс істеп тұрған жоқ. Шекара бекеті тек жазда жұмыс істейді», – деді Алдажұманов.

Айта кетейік, 2012 жылдың 28 мамырында қазақ-қытай шекарасында орналасқан «Арқанкерген» шекара бекетінде қайғылы оқиға болды. Мамырдың аяғында «Арқанкергендегі» шекарашылармен байланыс кенет үзілген. Содан кейін ол жерге жасақ жіберілген. 30 мамырда «Арқанкергенге» жіберілген жасақ шекара бекетінің жанып кеткенін анықтады.

Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметі өртеніп кеткен ғимараттан 12 адамның сүйегін, ал келесі күні тағы екі шекарашының мүрдесін тапты. Сондай-ақ бір қорықшының мәйіті табылған.

Бұл іс бойынша сот үкімі 2012 жылы 11 желтоқсанда шықты. Сот Владислав Челахты 15 адамды өлтірді деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды.

Челах 2013 жылдың наурызынан бастап Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы өмір бойына бас бостандығынан айырылған азаматтарға арналған «Қара бүркіт» деп аталатын мекемеде жазасын өтеп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз