Дизель тапшылығы сәуірдің алғашқы онкүндігінде жойылады – Алматы әкімдігі
Фото: shutterstock.com
Алматыдағы жанармай бекеттеріндегі дизель отыны тапшылығы Шымкетт МӨЗ-дегі жөндеу жұмысы біткен соң қалпына келеді. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
15 наурыздан бастап Шымкент мұнай өңдеу зауыты күрделі жөндеуге жабылған, осыған байланысты Алматы қаласында дизель отынын жеткізу 40 пайызға қысқарған.
«Шымкент мұнай өңдеу зауытында өндіріс қайта басталғаннан кейін жағдай тұрақтанады деп күтілуде. ҚР Энергетика министрлігінің алдын ала ақпараты бойынша, ПКОП жөндеу жұмыстары сәуір айының бірінші онкүндігінде аяқталады», делінген хабарламада.
Әкімдік автобус парктері мен коммуналдық қызметтерді қамтамасыз ету мақсатында жекелеген жанармай құю бекеттеріне дизель отынын сатуды шектеген.
Алматы қаласында 213 автожанармай құю станциясы жұмыс істейді, оның ішінде ірі 6 желіге 176 жанармай құю бекеті немесе 82% тиесілі.
Алматы қаласына ЖЖМ үш мұнай өңдеу зауытынан жеткізіледі: Шымкент «Петро Қазақстан Ойл продактс» мұнай өңдеу зауыты (ПКОП үлесі – 40%), Павлодар мұнай-химия зауыты (ПМХЗ үлесі – 35%), Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ үлесі – 25%).
Осы кезеңде ПМХЗ мен АМӨЗ-ден дизель отынын жеткізу шамамен 12 мың тоннаны құраған.
Бүгінде ірі желілік ЖҚС және қаланың мұнай базаларында шамамен 8,8 мың тонна дизель отыны бар, 4-5 күн ішінде шамамен 4,7 мың тонна жеткізілуі тиіс.
Әкімдіктің хабарлауынша, Алматы қаласында Алматы облысының тұрғындары, сондай-ақ транзиттік көлік иелері тарапынан дизель отынына деген сұраныс артып, тұтынудың бір мезгілде 30-35%-ға өсуіне себеп болған.
Қла түрңындары дизель тапшылығын 3 сәуірден бастап сезіп жатыр. Кейбір жанар-жағармай бекеттері оны тек талонмен беріп жатыр.
Бұрынғы Энергетика министрі Болат Ақшолақов сол күні елімізде бензин 11%, дизель 20 пайызға қымбаттайтынын мәлімдеді. Атап айтқанда, АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасы литріне 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін– 11 пайыз өседі. Дизель отыны 230-260 теңгеден 295 теңгеге дейін, 20 пайызға қымбаттайды.
«Көрші елдермен салыстырғандағы баға айырмашылығын төмендету қажет. Бұл қиын, бірақ қажет шешімге баруымыз керек», – деді Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов.
Сәрсенбі, 4 сәуірде Тоқаев жанар-жағармай бағасы көтерілген соң Энергетика министрлігінің басшысын қызметінен босатты. Болат Ақшолақовтың орнына бұл қызметке «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының бұрынғы басшысы Алмасадам Сәтқалиев тағайындалды.