Экология министрлігі Атыраудағы төтенше жағдайға қатысты мәлімдеме жасады

Жарияланды

Фото: Экология министрлігі

Каспий жағалауындағы «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында бірнеше күннен бері қамыс өртеніп, оны сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар, дүйсенбі күні қаладағы Атырау мұнай өңдеу зауытының құбыры және «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС құбырынан қара түтіннің шыққан еді. Экология министрлігі осы төтенше оқиғалар мен қолайсыз метеорологиялық жағдайлар және желдің болмауы қалада күрделі экологиялық жағдай туғызғанын мәдімдейді.

3 сәуір күні Атырау мұнай өңдеу зауытында жанармай газына сұйықтықтың түсуі салдарынан баяу кокстеу қондырғысындағы П-2 пешінің жану режимінің бұзылу фактісі тіркелді. Сағат 10:32-де қысқа мерзімді түтіндеу болып, 10:47-де түтін толықтай сөндірілген.

Дәл сол күні сағат 10:59-да «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС полипропилен өндіру бойынша біріктірілген газ-химия кешенінде (IGCC) 220 кВ Л-2025 әуе желісіндегі қысқа тұйықталу салдарынан «KUS» ЖШС-нің ПГТЭС-да генерациялау қондырғыларының авариялық жағдай орын алды. Нәтижесінде, өндірістің ішінара тоқтап қалуына әкеліп соқтырған электр қуаты үзілген.

Экология министрлігінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта екі кәсіпорынға қатысты тексеруді прокуратураға тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Екі факті бойынша мән-жай анықталады.

Министрлік сондай-ақ, кәсіпорындардың, әсіресе, Атырау мұнай өңдеу зауытының экологиялық көрсеткіштері көңіл көншітпейді деп алаңдаулы.

«Табиғатты қорғау заңнамасын бұзу және газды қолдану жұмыстары жүйелі түрде тіркелуде. Өткен жылы тиісті заңдылықтарды бұзу бойынша дәлелдерге жүгіне отырып Атырау облыстық экология департаменті Атырау мұнай өңдеу зауытының экологиялық рұқсатын тоқтату туралы материалдарды сотқа жолдаған болатын. Алайда, биыл да сапаның жақсармағанын көріп отырмыз. Осыған байланысты кәсіпорындар экологиялық көрсеткіштерін жақсарту мәселесін бақылауға алып, барлығын тез арада бір ретке келтіруі керек. Осы мәселе бойынша министрлік Атырау мұнай өңдеу зауыты мен KPI-нің бас компаниясы – ҚазМұнайГазға және Самұрық Қазына өндеу хат жолдамақ» делінген хабарламада.

Сондай-ақ оқыңыз