Жаңалықтар

Күдебаевтың қалай қашқанын анықтау үшін тексеру жүріп жатыр – ҰҚК төрағасы

Серік Күдебаев қалай қашты?
Фото: Әлеуметтік желіден

Серік Күдебаевтың елден қашып кетуіне байланысты Шекара қызметінің директоры, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Төрағасы – Ерлан Алдажұманов өз пікірін білдірді.
Мәжіліс кулуарында журналистер Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасына Күдебаевтың шетелге қашуына қатысты сауалдар қойған.
«Сіздер Күдебаевтың ресми өткізу пункті арқылы шекара аспағаны туралы мәлімдедіңіздер? Күдебаев шекарадан қалай өтті? Сонда ел шекарасының «тесік» болғаны ма?» деген журналистің ыңғайсыз сұрағына комитет басшысы былай деп жауап берді:

«Мен қысқаша жауап берейін. Иә, расымен де, Күдебаев мемлекеттік шекараны ресми өткізу пункттері арқылы кесіп өткен жоқ. Бішкекке өтіп, ары қарай басқа елге кеткені туралы ақпарат тарады. Оның заңсыз кесіп өткенін анықтау үшін шекара қызметінде тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қырғыз Республикасына ресми сұраныс жібердік. Бүгінде бұл жұмысқа көршілеріміз де жұмыла кірісті. Қазір нақты шешіп айту қиын. Өйткені біз қай жерден, қалай өткенін әлі анықтаған жоқпыз. Тексеріс аяқталғанын тосу керек. Тек сонда ғана жағдай айқындала түсер. Сонымен бірге Бас Прокуратура Қылмыстық іс қозғағанын атап өткім келеді», деді Ерлан Алдажұманов.

Бұрынғы Полиция Департаменті бастығын іздестіру жұмыстарына 6 шекара заставасы мен 300 ҰҚК қызметкері жұмылдырылған.

Бұған дейін Қазақстанның Шекара қызметі Серік Күдебаевтың Қырғызстан арқылы Түркияға қашқанын растаған болатын. Оған халықаралық іздеу жарияланған.