«Эйр Астанаға» 6,7 миллиард теңге айыппұл салынған

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Эйр Астанаға» жалпы сомасы 6,7 млрд теңге айыппұл салған. Агенттік әуе компаниясы өзінің нарықтағы үстем жағдайын асыра пайдаланған дейді. Қазір осы мәселеге қатысты сот жүріп жатыр.

«2022 жылдың 12 желтоқсанында «Эйр Астана» компаниясына қатысты әкімшілік хаттама жасалды, айыппұл сомасы 2021 жылы 4,8 млрд теңгені, 2022 жылға – 1,9 млрд теңгені құрайды. Бүгінде сот процестері жүріп жатыр», – деді Сенаттың қаржы және бюджет комитетінің отырысында БҚДА Көлік және байланыс департаментінің директоры Нұргүл Жаманова.

БҚДА бұл жағдай бірнеше себепке байланысты қалыптасып отырғанын атап өтеді. Біріншіден, қазіргі уақытта азаматтық авиация нарығының 70%-дан астамы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобына қарасты «Эйр Астана» және оның еншілес компаниясы FlyArystan мен Qazaq Air, сондай-ақ SCAT еншісінде. Бәсекелестікті арттыру үшін агенттік әуе компанияларындағы мемлекеттік үлесті нарыққа шығаруды ұсынады.

Екіншіден, әуе тасымалы нарығында динамикалық баға белгілеу мәселесі заңмен реттелмеген. Тиісті ережелер әзірленіп жатыр.

Үшіншіден, авиакеросин құны. Жанар-жағармай бағасы әуе тасымалы құнының үштен бір бөлігін құрайды. Сонымен қатар, Қазақстанда үнемі керосин тапшылығы туындап тұрады.

«Әуе билеттерінің құны құрылымында негізгі үлес жанар-жағармайға тиесілі. Қазіргі кезде негізінен әуежайлардың өзі жанармай сатумен айналысады. Жанармайдың құнын төмендету үшін осы нарыққа басқа дистрибьюторлар тарту керек. Сондай-ақ, біз Азаматтық авиация комитетімен бірлесе отырып, әуежайлардағы керосин құнын төмендету үшін басқа компаниялардың, соның ішінде мұнай компанияларының жанар-жағармай құю кешендерін салу мәселесін пысықтау қажет деп санаймыз», – деп хабарлайды БҚДА.

Сондай-ақ оқыңыз