Әлемдік нарықта алтын қымбаттап жатыр

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Сәуірдің төрті күнгі күнгі сауда-саттықта алтын фьючерстерінің бағасы 2000 доллардан асты. Қымбат металл бағасының 2022 жылдың наурызынан бері рекордық өсіміне доллардың әлсіреуі және АҚШ Федералды резерв жүйесінің ақша-несие саясатының жұмсаруы себеп болды деп жазады Bloomberg.

Investing.com мәліметтеріне сәйкес, сауда-саттықта алтын унциясы бір күнде 1,93%-ға өсіп, бағасы бір унция үшін 2022 долларды құрады. Сәрсенбіде де бағалы металдың саудасы 2040 доллардан ашылып, бағасы шамамен 1%-ға қымбаттады. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, оған ақпан айында АҚШ-тағы бос жұмыс орындарының саны 2021 жылдың мамыр айынан бері алғаш рет ең төмен деңгейге жеткені жайлы ақпарат себеп болған. Бұл әлемдегі ең ірі экономика рецессияға ұшырауы мүмкін деген қауіпті арттырды. Бұл ретте пайыздық мөлшерлемелерді төмендету ықтималдығы жоғары.

Алтын бағасының көтерілуінің тағы бір себебі – доллардың әлсіреуі. Investing.com деректері АҚШ долларының индексі наурыздан бері төмендеп келе жатқанын көрсетеді. Сарапшылар осы жағдайда алтын 2020 жылдың тамызында тіркелген $2,057,47 бағасынан да асып кетуі мүмкін деп болжайды.

Спот алтын бір күнде 4%-ға қымбаттап, Астана уақытымен сағат 12:00-дегі жағдай бойынша бір унция үшін 2025,3 долларды құрады. Сейсенбіде күміс те 4,3%-ға қымбаттады.

ҚР Ұлттық банкінің мәліметі бойынша, 5 сәуірдегі жағдай бойынша алтынның бір граммы 28 639,99 теңге болды. Бір тәулікте 185 теңгеге немесе 0,6%-ға қымбаттады. 6 наурызда алтынның бір граммы 25 578,48 теңге тұрған. Ұлттық банк наурыз айының соңында ақпанда жалпы салмағы 83 келі болатын 2,6 мың алтын құймасы сатылғанын хабарлады. Қазақстандықтар арасында алтынға деген сұраныс былтыр мамыр, қыркүйек және қазан айларында артқан. Ол кезде банктер мен айырбастаушылар айына 3000-ға жуық алтын құймасын сатқан.

Сондай-ақ оқыңыз