Қазақстан Үкіметі ірі мұнай компанияларымен соттасып жатыр – Bloomberg
Қазақстанда екі ірі мұнай кенін өндірумен айналысып жатқан шетелдік компаниялар Қазақстан Үкіметмен соттасып жатыр. Шағым сомасы миллардтаған долларды құрайды. Бұл туралы жағдаймен таныс ақпарат көздеріне сілтеме жасап, Bloomberg агенттігі жазады.
Басылымға ақпарат берген дереккөздің мәліметінше, Қазақстан Үкіметі жобадағы серіктестер Қашаған үшін 13 миллиард доллар және Қарашығанақ үшін 3,5 миллиард доллар шығынды шегермеуі керек деген пікірде. Егер мемлекет табысқа жетсе, Өнімді бөлу туралы келісім талаптарына сәйкес кен орындарынан түсетін кірістен ауқымды үлесін ала алады.
Үкімет наурыз айында Қашаған мен Қарашығанақ істерін қадағалау үшін Женева мен Стокгольмде төрешілер тағайындаған. Ал, компаниялар әлі өз төрешілерін тағайындамапты. Талап Қашаған үшін 2010 жылдан 2018 жылға дейінгі және Қарашығанақ үшін 2010 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңді қамтиды, деп хабарлады дереккөздер. Үкімет компаниялар екі жобада да тендерлік рәсімдерді бұзды және Қашағандағы мердігерлік жұмысты толық орындамады деген шағымды алға тартып отыр.
Бұл мәселеге қатысты ҚР Энергетика министрлігі, Қашағанды игеру жөніндегі оператор North Caspian Operating Company мен Қарашығанақ операторы Karachaganak Petroleum Operating BV компаниялары ресми түрде түсініктеме берген жоқ.
Басылымның жазуынша, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерден кейін экономиканы ынталандыруға ұмтылып отыр. Ол олигархтармен күресуге және ұлттық байлықты біркелкі бөлуге уәде берген еді.
«Қазақстан Үкіметі осы іс арқылы мұнайдан түсетін пайдадан көбірек үлес алумен қатар, Ұлттық экономика үшін, оның ішінде жергілікті компаниялардың кірістерін ұлғайту арқылы процесті тиімдірек ету үшін мұнай кәсіпорындары пайдаланатын тендерлік жүйелерді өзгертуге ниетті» делінген басылым ақпаратында.