Қазатомөнеркәсіп Румыния АЭС үшін уран жеткізуді сәтті жүзеге асырды
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ Societatea Natională «Nuclearelectrica» S.A. («SNN») энергия компаниясына табиғи уран концентраттарын жеткізудің сәтті жүзеге асырылғаны туралы хабарлайды. SNN – ядролық отын өндірумен айналысатын, сондай-ақ Румынияда энергия өндірудің шамамен 20% қамтамасыз ететін Чернаводск атом электр станциясының операторы болып табылатын Румынияның электр энергетикасы және жылумен жабдықтау саласындағы мемлекеттік компаниясы.
2022 жылғы желтоқсанда Қазатомөнеркәсіп Румынияның атом энергетикасының қажеттіліктері үшін уран тотығын жеткізуге арналған SNN ашық тендерінің жеңімпазы болып танылды. Келісімшарт талаптарына сәйкес Компания табиғи уранды SNN зауытына дейін жеткізді. Қазатомөнеркәсіп өз өнімдерін Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) арқылы экспорттады, оны Компания 2018 жылдан бері белсенді пайдаланып келеді.
Қазатомөнеркәсіп әлемдік ядролық отын нарығындағы сенімді әрі артықшылыққа ие жеткізуші ретінде өнім жеткізу географиясын әртараптандыру және жаңа өткізу нарықтарына шығу жөніндегі жұмысын жалғастыра береді.