Жаңалықтар

Қошанов: Журналистерге сұхбат беру – депутаттардың басты міндеттерінің бірі

Фото: Асқар Ахметуллин

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттарды жауапты болуға шақырды. Өйткені, күн сайын депутаттардың жұмыс қарқыны да, салмағы да артады. Ал, депутаттардың негізгі жұмысы сапалы және нақты жұмыс істейтін заңдарды қабылдау.

«Мәжіліске заң қабылдау өкілеттілігі бүгінде толық берілді. Енді жүк те жауапкершілік те бізге түседі деген сөз. Сондықтан депутаттар үйлесімді, тиімді және жүйелі жұмыс істеуі керек», – деді Мәжіліс төрағасы.

Қазір Мәжілісте 50-ге жуық заң жобасы қаралып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жуық арада тағы да бірқатар заң жобасы қаралады.

«Депутаттарда заң шығаруға бастамашы болуға өкілет бар. Сол мүмкіндікті біз толық пайдалануымыз керек. Оның үстіне біз бәріміз өңірлерді аралап келдік. Көптеген депутат сол өңірлерден келді. Біз барлық түйткілді жақсы білеміз деп айта аламын. Өзекті мәселелерді де біз жақсы білеміз. Сондықтан депутаттар белсенділігін барынша арттырып, осы мәселелерді заңнамалық түрде реттеуге ат салысады деп ойлаймын», – деді Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ, Мәжілістің жалпы отрысында Қошанов депутаттар ашық болуы керек екенін ескертті.

«Мәжіліске ашық әрі жария түрде қызмет етуге барлық жағдай жасалған. Журналистерге сұхбат беріп, өзекті мәселелер бойынша пікір білдіріп отыру – бұл депутаттардың басты міндеттерінің бірі. Мұнан бөлек, заңдарды талқылауға қоғам өкілдері мен тәуелсіз сарапшыларды шақыру да өте маңызды. Әсіресе, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер арқылы Мәжілісте өңірлердің де үні естіліп жатуға тиіс. Сонымен бірге қоғамдық палата да көп ұзамай жұмысын бастайды. Ол қызу пікірталас алаңына айналатыны сөзсіз. Ел болашағына бей-жай қарамайтын барлық азаматқа, қоғамдық ұйымдарға біздің есігіміз айқара ашық», – деді ол.

Айтуынша, мұның бәрі Парламентте жаңа саяси дәстүр, жаңа саяси мәдениет қалыптасқанын көрсетеді.