Жаңалықтар

Юрий Ильин: Ауылдағы үйлер жер сілкінісіне төтеп бере алмайды

Фото: Kursiv.media

Юрий Ильин ауылдарда салынып жатқан үйлердің зілзалаға төтеп бере алмайтынын айтты. Ал, Қазақстан аумағының 40 пайыздан астамы зілзала қаупі бар аймаққа жатады. Бұл туралы Мәжіліс отырысында төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді.

«Еліміздің оңтүстік өңірлері, әсіресе Алматы қаласы жоғары сейсмикалық аймаққа жатады. Сонымен қатар батыс және орталық өңірлерімізде қазба байлықтарды игеру жер астында бос кеңістіктердің пайда болуына себеп болып отыр. Яғни, ол аймақта техногендік жер сілкінісі орын алу қаупі жоғары. Қауіп-қатерді азайту мақсатында қандай жұмыстарды атқарып жатырсыздар?», деп сұрады депутат Арман Қалықов.

Министрдің айтуынша, Түркияда болған жер сілкінісі мемлекетке сейсмикалық қауіпсіздік мәселелерін қайта қарауға себеп болды.

«Қазақстан аумағының 40 пайыздан астамы зілзала қаупі бар аймаққа жатады. Елімізде кейінгі ондаған жылдан бері аса үлкен жер сілкінісі болған емес. Алайда бұл әрекетсіз отыруға болады дегенді білдірмейді. Бізге таяуда ғана сейсмология институты берілді. Ол мекемеге көптеген жыл бойы қаржы дұрыс бөлінбеген. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойнынша және Алматы қаласының жергілікті бюджеттен қаржыландыруы есебінен биыл жылдың аяғына дейін 30-дан аса сейсмостанция іске қосылады. Бұл сараптама жасауға және жер сілкінісі қаупі туралы ақпарат алуға көмектеседі», – деді Юрий Ильин.

Министрдің айтуынша, жер сілкінісі туралы алдын ала хабарлауға назар аударылып отыр. Юрий Ильин 10 секундтың өзі адамдарды аман қалуына көмектесетінін айтты.

«Ал құрылысқа келсек, сеймикалық қауіп бар аймақтарда ол үшін арнайы талап бар. Оларды сақтау құрылыс жүргізетін компанияның негізгі міндеттерінің бірі. Бұл жағдайда тек ірі қалаларды ғана емес, азаматтар тұратын елді мекендердегі жағдайға назар аудару қажет. Себебі кей жерлерде сабан кірпіштен (саманный кирпич) салынып жатқан үйлер нормаға сай келмейді және жер сілкінісіне төтеп бере алмайды. Бұл жұмысқа қомақты қаражат керек екені анық, тіпті заңдық тұрғыдан өзгерістер енгізу қажет болады», – деді Юрий Ильин.