Жылу желілерін бақылау әкімдіктерден энергетикалық қадағалау комитетіне берілуі мүмкін

Жарияланды

Қазақстанда жылу энергиясының аз қамтылған тұтынушыларына тікелей бюджеттік қолдау көрсету қарастырылып жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «Жылу энергетикасы туралы» Заң жобасын таныстыру кезінде мәлімдеді.

«Заң жобасының бастапқы нұсқасында табиғи монополиялар субъектілерінің барлық негізделген шығындарын ескеретін тарифтік әдістемені бекіту функцияларын Энергетика министрлігі өкілетіне беру, сол арқылы бұл саланың жай-күйін жақсарту және инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін жылу энергетикасы саласындағы тариф белгілеу саясатын қайта қарау көзделгенін атап өту қажет. Алайда келісу барысында бұл нормаларды табиғи монополиялар саласындағы уәкілетті орган қолдамады», – деді Алмасадам Сәтқалиев.

Министрдің айтуынша, бұл жоба тарифтік реттеудің нақты және толық қағидаттарын және жылу энергиясына реттелетін тарифтер сәйкес келуге тиіс өлшем шарттарды, атап айтқанда тарифтік әдістемені жетілдіру, экономикалық негізделген тарифті қамтамасыз ету, инвестициялар тарту мүмкіндігін көздейді.

«Жылу энергиясына тарифтерді экономикалық негізделген деңгейге келтіру және халық арасында әлеуметтік шиеленісті туғызбау мақсатында жылумен жабдықтау субъектілерін емес, осал тұтынушыларды тікелей бюджеттік қолдауды жүзеге асыру тетігі көзделген. Бұл механизм инвестицияларды тарту үшін, сондай-ақ жылумен жабдықтаудың сенімділігі мен сапасын арттыру жағдайын жасауға мүмкіндік береді», – деді энергетика министрі.

Айта кетейік, қазір елімізде жылу энергетикасы туралы салалық заң жоқ. Соның салдарынан осы салада стратегиялық мақсаттар мен даму жоспарлары жасалмаған.

Министрдің айтуынша, заң жобасына сәйкес Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жүзеге асыратын жылу энергиясын тасымалдау функциясы Энергетика министрлігіне беріледі. Ал Индустрия министрлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа жататын жылу энергиясын елді мекендердің тұтыну бөлігінде жылумен жабдықтау жүйелеріне жауапты болады.

Сондай-ақ жылу желілеріндегі бақылау функциялары жергілікті атқарушы органнан Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетіне беріледі.

Министрдің айтуынша, жылу энергетикасы саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту де көзделген.

«Жылу энергетикасы объектілерін пайдалану жөніндегі барлық қажетті техникалық нормалар мен стандарттарды, тұтыну нормаларын, жылу энергиясын өндіру үшін пайдаланылатын отынның сапасын коммерциялық есепке алу қағидаларын әзірлеу қамтамасыз етіледі», – деді Сәтқалиев

Сондай-ақ оқыңыз