Астананы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуға 1,5 млрд теңге жұмсалады
Бүгінгі таңда елорданың әрбір тұрғынын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мақсатында проблемалы аймақтар анықталып жатыр. Елордада 16 елді мекен және 1 саяжай алабы бар. Мұнда интернетке қажет кабель желілері болмаған.
«Өткен жылы әкімдік электр желілері арқылы талшықты-оптикалық байланыс желілерін (ТОБЖ) төсеу туралы шешім қабылдады. «Астана-АЭК» АҚ-мен бірлесіп инвесторлардың толық қаржыландыру есебінен елорданың елді мекендерінде электр беру және жарықтандыру тіректері бойынша оптикалық байланыс желілерін жүргізу мәселесі пысықталды», делінген әкімдік таратқан хабарламада.
Қазір елорда әкімдігі елді мекендерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізуге дайын инвесторлар іздеп жатыр. Осы мақсатта Астана қаласының әкімдігі, Цифрлық даму министрлігі, байланыс операторларымен бірлесе отырып, байланыс пен интернет сапасын арттыру бойынша тұрақты түрде жұмыстар жүргізіп келеді.
Инвесторлар жарықтандыру тіректері мен электр желілері арқылы өтетін заманауи GPON технологиясын қолданады. Инвестицияның жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден асады.