Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың екі ұлына сот үкімі шықты

Жарияланды
Фото: baq.kz

Тараз қаласының №2 сотында мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың екі ұлына сот үкімі шықты.
Сот қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша қатысты қылмыстық істі қарады.

Бұл бапта алаяқтық, яғни адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену әрекеті қарастырылған.

Сотта Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары болған Ерлан Күлекеевтің, кәсіпкерлер Елжан Елібай, Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалықтың субсидиялау қағидаларын бұзып, мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде шығын келтіргені анықталды.
Олар сатып алынған «Альбион» құлпынай көшеттері үшін (оларды шаруа қожалықтарына рәсімдеп) мемлекеттік субсидиялар алған, олардың бір бөлігі алаяқтық жолымен ұрланып, жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.

Прокурор қылмыстардың жиынтығы бойынша Дайрабаев пен Молдақалықты 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын шартты түрде тағайындауды сұрады.
Ал басқарма басшысының орынбасары Ерлан Күлекеевті 6 жылға бас бостандығынан айыру, Елжан Елібайдың мүлкін тәркілеп, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Айыпталушылар кінәларын мойындамай, өздерін ақтауды сұрады.
Сот үкімімен басқарма басшысының орынбасары Ерлан Күлекеев 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқара алмайды.
Елжан Елібайдың мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айырылды. Ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалықтың мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айырылды. Екеуі де 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Оларға пробациялық бақылау қойылады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз