Жаңалықтар

Қазақстандық банктер мен ұялы байланыс операторлары алаяқтардан сақ болуға шақырады

алаяқтар
Фото: Shutterstock

Қазақстандық банктер мен ұялы байланыс операторлары бірлескен мәлімдеме жасады.

Beeline, Eurasian Bank, Forte Bank, Halyk Bank, Home Credit Bank, Jusan Bank, Kaspi Bank, Kcell, Nurbank, Tele2/Altel, Центр Кредит Банкі, Банк VTB (Қазақстан) жария еткен бірлескен мәлімдемеде айтылғандай, елімізде қаржы алаяқтығының жаңа түрімен айналысатындар пайда болған.

Бірлескен мәлімдемедегі ақпаратқа сәйкес, алаяқтар қазақстандық немесе шетелдік нөмір арқылы хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырады. Олар телефон байланысы қорғалмағанын ескертіп, әңгімені WhatsApp немесе басқа мессенджерде жалғастыруды сұрайды.

Чаттағы әңгімелесу барысында алаяқ банк қызметкері екенін «растайтын» жалған куәлігінің суретін жібереді. Осылайша әңгімелесіп отырған адамының шотындағы ақшаны бөтен біреулер ұрлауға талпынып жатқанын айтып, қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуды сұрайды. Ал, ақша аударылған соң, алаяқ хабарсыз кетеді.

«Қазақстандық банктердің қызметкерлері телефонмен сөйлесу барысында қаражатты басқа есеп-шотқа аударуды ешқашан өтінбейді, кілтсөз бен код сұрамайды. Қазақстандық банктердің қызметкерлері ешқашан шетелдік нөмірден хабарласпайды», делінген мәлімдемеде.

Жаңа алаяқтық схемасы қалай пайда болды?

Әдетте, алаяқтар шетелде отырады. Бұрын олар арнайы интернет-сервистердің көмегімен олар шетелдік нөмірді қазақстандық нөмірмен алмастыра алатын еді. Дегенмен, қазақстандық ұялы операторлар бұлай алмастыру мүмкіндігін шектеді. Осылайша, алаяқтар өздерін бұрынғыдай қазақстандық азамат ретінде таныстыра алмайды, сондықтан шетелдік нөмірмен хабарласады. Олар шетелдік нөмір сенім ұялатпайтынын түсінеді, сондықтан «қорғалған чат» мессенджерде сөйлесуді ұсынады, онда аватарда ел арасында танымал банктің логотипі қойылады.

Сонымен қатар алаяқтар көптен белгілі алдау әдістерін қолданып келеді.

Осыған байланысты бірлескен мәлімдеме жасаушы банктер мен ұялы операторлар халықты сақ болуға және сақтану нұсқаулығына мән беруге шақырады:

  1. Әңгімелесуді бірден тоқтатыңыз! (Өзіңіздің банктің колл-орталығына хабарласып, күдікті қоңырау түскенін ескертіп, есеп-шотыңыздың аман екеніне көз жеткізіңіз.
  2. Ешкімге және ешқашан СМС хабарлама арқылы келетін құпия кодты, интернет банктегі жеке кабинеттің кілтсөзін айтпаңыз.
  3. Хабарласқан адамның өтінішімен бөте есеп-шотқа қаражат аудармаңыз.
  4. Мұндай бөтен адамның нұсқауымен беймәлім мобильді қосымшаларды жүктемеңіз!
  5. Таныс емес адамдар жіберетін сілтемелерді ашпаңыз. .

Қаржылық қауіпсіздікке қатысты бұл қарапайым ережелер сізді алаяқтардан қорғауға және өз қаражатыңызды жоғалтпауға көмектеседі.

Бұған дейін Қазақстан қор биржасы жалған сайттың пайдла болғанын айтып, алаяқтардан сақ болуды ескерткен еді.