Үкімет ERG-қа тиесілі тағы бір компанияға салық заңнамасында тұрақтылыққа кепілдік бермек

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Үкімет Қостанай мен Палодардағы кен орындарына инвестиция салу шартымен ERG тобына кіретін тағы бір компанияға Кәсіпкерлік кодексінің 289-бабына сәйкес ҚР Салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік береді. Инвестиция көлемі 259 млрд теңгеден асады.

Ашық НҚА порталында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен «Алюминий Казахстана» Акционерлік қоғамының арасында Инвестициялық міндеттемелер туралы келісімді жасасу туралы Үкімет Қаулысы жария талқылауға шығарылды.

«Осы келісімнің 3-тарамағының ережелерін ескере отырып, инвестордың сегіз жыл бойы 259 024 100 000 теңге мөлшеріндегі инвестициялық міндеттемелерді жүзеге асыруы келісімнің нысаны болып табылады. Осы келісімді жасасқан инвесторға Кәсіпкерлік кодексінің 289-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беріледі» делінген келісім нысанында.

Инвестиция Қостанай және Павлодар облыстарындағы тау-кен өндіру бөлімшелерінің есептен шығарылатын негізгі құралдарын ауыстыру және жаңа негізгі құралдарды сатып алуға; Павлодар облысындағы қайта өндіруші және көмекші бөлімшелерінің есептен шығарылатын негізгі құралдарын ауыстыру және жаңа негізгі құралдарды сатып алуға; Қостанай және Павлодар облыстарындағы тау-кен өндіру бөлімшелерінің өндіру қуаттарын күрделі жөндеуге; Павлодар облысындағы бөлімшелердің өндіруші және басқа көмекші қуаттарын күрделі жөндеуге жұмсалмақ.

Келісімнің 2-тармағында көзделген инвестициялық міндеттемелер сомасының кемінде елу пайызын қаржыландыру осы келісімді жасауға өтінім берілген жылды қоса алғанда, алғашқы 4 жыл ішінде жүзеге асырылуы тиіс.

Келісімнің қолданысы 2032 жылдың 31 желтоқсанынан кейін тоқтатылады.

«Қазақстан алюминийі» АҚ ERG тобына кіреді. Оның құрамында Павлодар алюминий зауыты, ЖЭО-1, Краснооктябрь кеніш басқармасы (Қостанай облысы), «Керегетас» әктас кеніші (Павлодар облысы) бар.

Бұған дейін Үкімет ERG тобына кіретін «ҚазХром» компаниясына салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беру туралы келісім жасасқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз