Алматы әуежайындағы коммерциялық объектілер мемлекет меншігіне қайтарылды
Алматы қаласының Авиациялық көлік прокуратурасы заңсыз шығарылған мемлекеттік активтерді қайтару жөніндегі жұмыс шеңберінде Алматы халықаралық әуежай жолаушылар терминалының коммерциялық үй-жайларын мемлекет меншігіне қайтарды. Бұл жайлы Бас көлік прокуратурасы хабарлады.
2003 жылы «Имсталькон» АҚ Алматы қаласы әкімдігінің тапсырысы бойынша жаңа жолаушылар терминалын салған. Құрылыс аяқталғаннан кейін жаңартылған терминалдың сауда алаңдарының бір бөлігі мердігерге шарт бойынша 333 млн теңге мөлшерінде қалған соманы өтеу есебінде өткен. Сонымен қатар, Ішкі мемлекеттік аудиттің нәтижесі бойынша құрылыс салушы алдында қандай да бір берешек болмағаны анықталған.
«Әкімдікке осы объектілерге меншік құқығын қайтару үшін авиациялық көлік прокуратурасы Түрксіб аудандық сотына жауапкер – А.Бақтиярқызына жалпы ауданы 1 118,5 ш.м. жолаушылар терминалының коммерциялық үй-жайларын иеліктен шығаруға байланысты барлық мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап арызбен жүгінді. Соттың 29.12.2022 жылғы шешімімен прокуратураның талап-арызы толық көлемде қанағаттандырылды. Сот актісі ағымдағы жылдың13 наурызында күшіне енді. Бүгінгі таңда соттың шешімін орындау аясында меншік құқығын Алматы қаласы әкімдігіне тіркеу «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ бойынша, ал Әділет департаментімен объектілерді мемлекет пайдасына тікелей беру жұмыстары басталды», делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, VIII сайланған Парламенттің жалпы отырысында Президент сыртқа шығарылған активтерді қайтаруға қатысты заң жобасын тезірек қабылдауды тапсырған болатын.