Жаңа халықаралық терминал 2024 жылы жазда іске қосылады
Бүгінде жаңа халықаралық терминал құрылысы жүргізіліп жатыр. 53 пайызға аяқталған бұл құрылысты жоспар бойынша 2024 жылдың жазында іске қосу жоспарланған. Құрылыс жұмысы аяқталған соң, жаңа терминал халықаралық рейсетерге, қазіргі терминал ішкі рейске арналатын болады.
«Біздің әуежай 3 миллион жолаушыға арналған. Ал біз жылына 8 миллион жолаушы тасымалдауды жоспарлап отырмыз.Сол себепті әуежайды кеңейтуге, жұмысын жақсартуға қатысты бұдан басқа да инвестициялық жобаларымыз бар. Ол жұмыстар біздің жолаушыларымызға біраз ыңғайсыздық тудыратыны анық. Сондықтан олардан, шыдамдық танытулырын сұраймыз», Алматы халықаралық әуежайының президенті Альп Ер Тунға Ерсой мәлімдеді.
Сондай-ақ, әуежай басшысы автотұрақтардағы кептелісті азайту мақсатында әуежай пандусында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, оның реконструкциясы шілде-тамыз айында аяқталатынын айтты. Ол жұмыс аяқталған соң, жаңа пандус салу жұмыстарына кіріседі. Жаңа пандус салынса, автотұрақтағы кептеліс мәселесі толық шешіледі деп жоспарланып отыр.
«Алматы Жібек Жолы бойында орналсқан географиялық маңызы бар қала. Сондықтан біз алдағы 30-50 жылға бірақ жоспар құрғымыз келеді. Сол мақсатта қосымша инвестициялар тартып, аэропортты үлкейтіп, авиалиния санын арттырып, жолаушылар санын да арттыра отырып, Алматы әуежайын Орталық Азия хабына айналдырғымыз келеді», дейді халықаралық әуежай өкілі.
Жалпы, Алматы әуежайы 2022 жылы 7,2 миллион жолаушы тасымалдаған. Күнделікті 20 мың жолаушы 29 авиабағыт бойынша әуесапарына шығады. Қазіргі таңда ең танымал халықаралық бағыттар: Стамбул, Дубай, Анталия, Мәскеу және Ташкент рейстері. Ішкі рейстердің қатарында Астана, Шымкент, Ақтау, Атырау және Ақтөбе бар.
«2022 жыл біз үшін өте сәтті жыл болды. Біз әдетте көрсеткіштерді пандемияға дейінгі 2019 жыл көрсеткіштерімен салыстырамыз. 2022 жылы біз 7,2 миллион жолаушы тасымалдадық. Күнделікті 20 мың жолаушыны 29 авиабағыты бойынша тасымалдап отырды. Бір жылда 64697 рейс ұшырылды. Осы жылы да көрсеткіштер жақсы болады деп сенеміз», деді әуежай басшысы.
Биыл 8 миллионнан астам жолаушы тасымалдап, 70 мыңнан астам әуе рейстерін, 94 мың тонна КАРГО рейстерін ұшыруды жоспарлап отыр. Бұл рейстер 67 бағыт бойынша ұшатын болады.