Астанада биыл 6,5 мың әлеуметтік пәтер салынады

Жарияланды
Жеңіс Қасымбек Президент Қабылдауында болды
Фото: Ақорда

Астанада биыл 6,5 мың әлеуметтік пәтер салу жоспарланып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған қала әкімі Жеңіс Қасымбек сондай-ақ, жыл басынан бері елордаға шамамен 200 миллиард теңге инвестиция құйылғанын айтты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20 пайыз көп.

Сондай-ақ, Президентке елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы туралы ақпарат берілді.

«Қасым-Жомарт Тоқаевқа қала тіршілігін қамтамасыз ету жүйесінің нысандары (ССС-3, газ жылу станциялары, ЖЭО-3, т.б.) және мектеп, медициналық орталық, жеңілдетілген қолжетімді тұрғын үй секілді әлеуметтік нысандар құрылысының барысы, сондай-ақ апатты жағдайдағы ескі тұрғын үйлерді сүру, тұрғын үй алаптарын дамыту, үлестік құрылыс нысандарын аяқтау, қалаға газ тарту және абаттандыру жұмыстары жөнінде баяндалды», делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.

Жеңіс Қасымбектің дерегінше, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2 ауысыммен оқитын 90 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 24 мектептің жобасы жасалып жатыр.

«Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы одан әрі дамыту, сумен және жылумен қамтамасыз ету нысандарының құрылысын тез арада аяқтау, сондай-ақ елорда тұрғындарының өзекті мәселелерін шешу жөнінде бірқатар тапсырма берді» делінген ақпаратта.

Бұған дейін елорда әкімі қаладағы LRT жобасын аяқтауға Қытай компаниясы атсалысатынын айтқан болатын. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Астанадағы LRT құрылысына қосымша 50 млрд теңгені сәуір айында әкімдікке беруді жоспарлап отырғаны мәлім болған еді.

Сондай-ақ оқыңыз