Жаңалықтар

Елімізде мемлекеттік қызметшілердің мүлкі мен акциялары сенімгерлік басқаруға беріледі

Фото: Shutterstock

Мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын бекіту туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевтың бұйрығы ашық талқыға шығарылды.

«Мемлекеттiк қызметшi лауазымға кiрiскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде осы адамға заңды түрде тиесілі ақшаны, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, өз меншігіндегі, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестерді, акцияларды (акцияны) және пайдаланылуы кірістер алуға әкелетін өзге де мүлікті мемлекеттік қызметтi атқару уақытында сенімгерлік басқаруға береді», делінген қағидада.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметші өз мүлкі сенімгерлік басқаруға бергені туралы жұмыс орнындағы кадр бөліміне ақпарат беруі тиіс.

«Мемлекеттік қызметші мүлікті сенімгерлік басқару шартының нотариат куәландырған көшірмесін нотариат куәландырған күннен бастап он күн мерзімде жұмыс орнындағы мемлекеттік органның персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) береді», делінген қағидада.

Қағидада сондай-ақ, Тараптардың біреуі мүлікті сенімгерлік басқару шартын бұзған жағдайда, мемлекеттік қызметші бұл туралы жұмыс орнындағы персоналды басқару қызметін (кадр қызметін) күнтізбелік отыз күн ішінде хабардар ететіні айтылған. . Мүлiктi сенiмгерлiкпен басқару шарты мiндеттемелерінің тоқтылуы шарты да көрсетілген.

Айта кету керек, бұл қағидаға сәйкес, Мемлекеттiк қызметшiнiң сенімгерлік басқаруға берiлген мүлiктен кiрiс алуға құқығы бар.