Жаңалықтар

Мемлекеттік меншіктегі монополияларды жекешелендіру қажет – Сапарбай Жобаев

Shutterstock

Бүгінгі таңда елімізде өзге салалармен қатар әлеуметтік бағытты да көтеруге біршама нақты  қадамдар жасалып жатқаны байқалады. Әсіресе, бұл бағытқа Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгелі бері басымдық беріліп жатқаны  рас.  Бірақ, осы қадамдарды жүзеге асыру үшін Үкімет қажетті қаржыны көбіне Ұлттық қордан алып отыр. Ел үкіметінің бұл әрекеті аталған салада қабылданып жатқан түрлі бастамалардың болашағы бұлыңғыр екенін көрсетпей ме? Біздің бұл пікірімізді белгілі экономист Сапарбай Жобаев та растап отыр.

«Жалпы қазіргі кезде біздің ішкі қаржы жағдайымыз алғашқы тәуелсіздік алған жылдарға қарағанда біршама  жақсарған деп есептейміз. Мәселен, бүгінгі таңда Ұлттық қорда 60 млрд. доллар ақшамыз бар. Оған қоса Ұлттық банктегі алтын валюта резерві шамамен 30 млрд. доллар, сонымен қатар зейнетақы қорымыздағы қаржы да 35 млрд. долларды құрайды. Қазіргі таңда халықтың әлеуметтік хал-ахуалын көтеруге арналға түрлі бағдарламалар  осы қаражаттың есебінен жүзеге асып жатыр. Кейінгі кезде халықтың аз қамтылған әлеуметтік көмекке мұқтаж санатындағы бөлігінің жәредемақылары мен зейнетақыны жыл сайын 10-15 пайызға көтеріп келе жатырмыз. Бұл да сол осы күнге дейін жиналған қаражат есебінен атқарылып отырғаны көріп отырмыз»,-дейді сарапшы.

Оның пікірінше аталған қордағы ақшаның пайдасын халық әсіресе  COVID-19  дерті дендеп, елде жаппай  пандемия жарияланған кезде көрген. Сарапшының айтуынша әлемді жайлаған  індет кезінде Үкімет ұлттық қорға арқа сүйеген.

«Біздегі ұлттық қордағы ақшаға қолды шеңгелдеп салудың ең үлкен көрінісі  пандемия кезінде болды.  Соның бір ғана мысалы ретінде сол кездегі ең төменгі жалақы мөлшері деп есептелген 42500 теңгеден 3 миллиондай тұрғынға көмек берілді.  Осының барлығы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған тапсырмалары негізінде іске асты деп санаймын»,-дейді Сапарбай Досжанұлы .

Дегенмен, Ұлттық қор немесе өзге де қаржы резервтері таусылмайтын теңіз емес екені белгілі. Сондықтан, сарапшының пікірінше Үкімет мұның басқа баламалы  жолдарын қарастыруы тиіс.  

«Біз бюджеттің табысын көтерместен тікелей Ұлттық қордан қажетті қаржыны бөлдіріп алып, жүзеге асыруды жалғастыра беретін болсақ, табысымыз да төмендей бастайды. Шамамен 5-6 жылдан соң Мемлекеттің халыққа беретін осындай әлеуметтік көмектердің саны мен мөлшерін шектеуіне  әкеп соқтырады. Бұл ретте Үкімет тарапынан бірінші кезекте экономиканы көтеру, шағын және орта бизнеске жағдай жасау арқылы салықтың мөлшерін ұлғайту, халықты жұмыспен қамту секілді шаруалар қолға алынуы тиіс. Халықтың жұмыс істеп өз-өзін қамтамасыз етуі әлеуметтік көмекке  мұқтаж азаматтарымыздың санын біршама азайтады. Бұл Үкіметтің өзіне де айтарлықтай көмек болар еді»,-деген пікір айтты Қазақ технология және бизнес университетінің оқытушысы Сапарбай  Жобаев.

 Қазақстан үкіметінің 28 наурыздағы қаулысымен «Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» жаңартылды. Жаңартылған нұсқаға сәйкес бағдарламаны іске асыру енді 2029 жылға дейін деп есептеледі. Айта кетейік, бұл бағдарлама өткен жылы ғана қабылдаған Үкімет, алдағы 3 жылда ел тұрғындарының табысын айтарлықтай арттырамыз деген болатын. Құжатта негізінен бес бағыт қамтылған. Солардың бірі  өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде экономиканың нақты секторында жұмыс орнын құру. Әзірге оның нақты қалай жүзеге асатыны айтылған жоқ. Сарапшының пікірінше бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы елдегі  шағын және орта бизнес секторын  дамыту. Белгілі экономист оның нақты жолын да ұсынып отыр.

«ШОБ дамытудың ең төте жолы Мемлекеттік меншіктегі үлкен монополияларды барынша азайтып, оларды жекешелендіру қажет. Өкінішітісі, соңғы кезде бізде Мемлекеттік меншіктің үлес салмағы өсіп бара жатыр. Бір кездердегі есеп бойынша 48 пайыз еді, қазіргі таңда 60 пайызға жетті. Меніңше қазіргі билік осы мәселеге қатысты батыл шешім қабылдауы керек. Мәселен 2011 жылы халықтық  IPO деген өте үлкен бағдарлама қабылданды. Бірақ, бұл бағдарлама әлі күнге дейін толыққанды жұмыс істеп жатқан жоқ. Мәселен, былтыр «ҚазМұнайГаз»-дың 5 пайыз акциясы сатылымға шығарылғанымен, нәтижесінде 3 пайызы ғана сатылғанын білеміз. Бұл жерден біздің биліктің әлі де болса мүмкінідігінше Мемлекеттік меншікті ұстап тұруға жасап жатқан әрекетін көруге болады»,-дейді Сапарбай Досжанұлы.

Сарапшының сөзінше жекемншікке өткізу процесінің барынша баяу жылжуына биліктегі кейбір тұлғалар мүдделі дейді.  Оның айтуынша олар мұндай кәсіпорындардан өздері қосымша «табыс» тауып отырған көрінеді.

 Дегенмен, белгілі экономист Үкімет қолға алып жатқан әлеуметтік бағыттағы кейбір бастамаларды  қолдайтынын да жасырмады. Соның бірі ретінде  жақында қабылданады деп күтіліп отырған  «Отбасы кодексін» атады.  

«Алдағы қабылданып жатқан бағдарламардың бірі және бірегейі ретінде «Отбасы кодексін» айтар едім. Жалпы бізде бұған дейін де халықтың әл-ауқатын көтеруге негізделген зейнетақы туралы, табысы аз отбасыларды қолдау, сонымен қатар көп балалы аналар туралы заңдар мен қаулылар қабылданған.  Аталған кодекс осы бастамаларды бір жерге топтастырып, ары қарай цифрлық жүйеге көшірмек. Бұл өз кезегінде азаматтардың әлеуметтік мәртебесін анықтау кезінде  ешқандай адами фактордың араласпай-ақ шешілуіне септігін тигізеді. Нәтижесінде халық арасындағы әлеуметтік қолдауға шын мұқтаждар өзіне тиесілі көмектерге кедергісіз қол жеткізе алатын болады»,-дейді белгілі экономист сарапшы.

 Қорыта келгенде, қандай бағдарлама қабылданса да бірінші кезекте халықтың әл-ауқатын көтеруде қаптаған цифрлардан тұратын жалған статистика емес, шынайы көрсеткіштер болуы қажет. Әлемдік тәжірибеге сәйкес елдегі кез-келген келеңсіз жағдайдың артында  тұрғындар  арасындағы әлеуметтік теңсіздік тұратыны  белгілі. Алайда, халықты көше шығарып алмаудың амалы деп Ұлттық қорға қол сала беру де қисынсыз әрекет.