Жаңалықтар

Сарапшы: мұнай тасымалын әртараптандыру – экономикалық тәуелсіздік кепілі

Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов. Фото жеке архивінен

Жерінің асты қазба байлыққа толған еліміздегі экономикалық ахуалды тәп-тәуір деуге келмейді. Өзімізден шыққан шикізаттың кезінде дұрыс игерілмеуі, содан түскен табыстың халық игілігіне жұмсалмауының салдары қазір қатты сезіліп жатыр. Мұнай да, газ да өзімізден шығады. Бірақ өзімізге жетпейді. Әрі қымбат. Күрмеуі қиын мәселелердің себебі жалғыз емес. Жан-жақты. Осы орайда мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовпен Kursiv тілшісі кездесіп, пікір сұраған еді.

Жанар-жағар май бағасының неге қымбаттап отырғаны бәрімізге түсінікті. Бірақ халық әлі де болса мұны қабылдағысы келмейді. Осы жағдайға қалай жеттік? Неліктен мұндай ахуал орнап отыр нарықта?

– Бағаны өзгертпейінше тапшылық бәрібір жойылмайды. Жанар-жағар майды сыртқа жібермеудің жалғыз жолы – бағаларды теңестіру. Баға төмен болып тұра берсе онда көрші елдер таси береді. Олар өздері тұтыну үшін ғана емес, апарып сату үшін де алып кетіп жатыр ғой. Бізде мемлекет отыз жыл бойы қоғамды арзан өнімдерге үйретіп тастады. Түркіменстан сияқты жабық ел болсақ мұндай саясат бізге жарасар еді. Ешкімге ештеңе бермейді, алмайды, өз-өзімен өмір сүреді. Ал біз әлем елдерімен тығыз байланыстамыз, алып-беріс деңгейі жоғары. Сондықтан қаласақ та, қаламасақ та біз басқа елдердің ыңғайына бейімделуіміз керек болады.

Мысалы, бізде электр энергиясы арзан. Сол сияқты жанар-жағармай да арзан. Қаншама жыл бойы қолдан реттеп, ұстап тұрды. Енді әрі қарай ұстай алмайды. Көтерейін десе халық ренжиді, көтермейін десе әрі қарай арзан күйінде қалдыра беру тағы мүмкін емес. Мұнай өндіруші компанияларға «сен мұнайыңды нарықтық бағамен емес, ішкі бағамен сат» деп талап қоя алмайсыз. Қазірге дейін солай болып келді. Енді олай жалғастыра беру мүмкін емес қой. Қазір кәсіпорындар ішкі нарыққа мұнайын жіберсе пайда таппайды. Ондай жағдайда жұмыс істеу де қызық болмай қалады. Сосын келіп инвестиция да құйылмайды. Бар ақшасын салатын болса, бірақ пайда таппайтын болса, мұндай жоба кімді қызықтырсын?

Елде мұнай өнімдері өндірісін арттыру үшін тағы бір мұнай өңдеу зауыты салынуы тиіс деушілер бар. Бірақ бұл пікірге қосылмаймын. Біз қазір бір емес, бірнеше МӨЗ салып тастасақ та нарықтағы ахуалды оң қырына қарай ауната алмаймыз.

Біз жылына 90 млн тонна мұнай өндірсек, соның 70-71 млн-ы сыртқа кетеді, қалған 19-ы іште қалады. Өңделген кезде 19-дың 13 млн тоннасы мұнай өнімдері болып шығады. Бізде мемлекет компанияларға квота беріп, «50 пайызын ғана сыртқа жібере аласың, қалған 50 пайызын ішкі нарыққа жібересің» деп талап қояды. Ішкі нарыққа мұнай жіберу – компаниялардың қалауы емес. Оларға ерік берсеңіз, шығарған мұнайын түгелімен дерлік экспортқа шығаруға даяр. Мемлекет талап қойған соң ғана мұнай өңдеу зауыттарынан бекеттерге бензин арзан келіп жатыр. Ортадағы пайда көп емес.

Үш үлкен кәсіпорнымыз бар – Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз. Олардың келісімшарттары бөлек болғандықтан 100 пайызын сыртқа сатып жатыр. Басқа компанияларда ондай мүмкіндік жоқ.

Мұнай өнімдерінің саны артып, ішкі тұтыну көлемін толық жауып тұру үшін кәсіпорындар көбірек мұнай беруі тиіс. Оны тағы мемлекет квотаны ұлғайту арқылы шешеді. Бұрын шығарған өніміңнің 50 пайызын ішкі нарыққа жібер десе, енді 60-70 пайызын сұрауы тиіс. Ал ол кәсіпорын мұнайды сыртқы нарыққа 80 доллардан сата алар еді. Ішкі нарыққа амалсыз 25 доллардан сатуға мәжбүр. Содан келіп осындай шағын кәсіпорындардың жұмыскерлері арасында жалақы дауы туындай бастады. Олар жалақыны өсіруді сұрайды. Ал кәсіпорында ондай мүмкіндік жоқ. Әлгі үш ірі кәсіпорында ақша тұрғысынан қиындық жоқ. Мұнай бағасы қатты түсіп кеткен кезде де олар пайда көреді.

– Әрі бізде мұнай өндірісі төмендеп келеді деген әңгіме де айтылып қалады. Қазба байлықтың түбі бір таусылатыны анық нәрсе ғой енді…

– Рас, үш ірі кен орнынан басқа жердің бәрінде мұнай өндірісінің көлемі төмендеп жатыр. Мысалы, 90 жылдары Маңғыстау біздің мұнайымыздың 60 пайызын беріп тұрған. Сөйткен Маңғыстаудың өндірісі қазір 20 пайыз ғана болып қалған. Ал осыдан 30 жыл бұрын 20 пайыз өндірісті қамтамасыз еткен Атырау қазір 60 пайыздық межеге шығып тұр. Яғни екеуі орын алмасты. Ақтөбе қатты өзгермеген – 10 пайыз деңгейінде. Батыс Қазақстан шамамен 15 пайыздай. Қызылордада өндірістің төмендеуі қатты байқалады. Кезінде 2 пайыз болған, 20 пайызға дейін жеткен үлесі, қазір 5 пайыздан төмен түсіп кеткен. Ал бізде мұнай өнімдерін тұтыну деңгейі артып жатыр. Демек, ортадағы айырма көбейе береді. Бұл тығырықтан шығу үшін мемлекет квотаны көбейте бастайды. Сосын әлгі шағын кәсіпорындар тағы зардап шегеді.

Мұнай туралы айтыла бастаған кезде қозғалатын тағы бір тақырып – экспорт. Бізді КТК тәуекелінен Баку – Тбилиси – Джейхан құтқара ала ма?

– Баку – Тбилиси – Джейхан құбыр желісі арқылы әуелі Қашағаннан 6900 тонна мұнай жіберді, сосын Теңізден 9000 тонна жіберді. Жалпы, мұнай экспорты бағытын әртараптандыру экономикаға байланбауы керек. Әртараптандыру – ел тәуелсіздігінің, мүддесінің бір тармағы. Пайда таппасаңыз да экспорт бағытын сан алуан етіп көбейтіп отырған дұрыс. Түркіменстан кезінде газын тек қана Ресейге жіберетін. Өйткені ол Кеңес заманынан қалыптасып қалған жүйе еді. Ал өнімді бір жерге ғана сату белгілі бір дәрежеде тәуелділікке алып барады. «Газпром» қанша баға берсе, сол бағаға келісесіз. 2008 жылы Ресей бағаны түсіремін деген кезде екеуі келісе алмай, сонымен газ беруді тоқтатып тастады. Содан кейін Түркіменстан қосымша жұмыс істеп, 2009 жылдан бастап табиғи газын Қытайға сата бастады. Одан кейін Иранға экспорт бағытын ашты. Қазір түркімендерде үш бағыт бар – Ресей, Қытай және Иран. Тиісінше, баға саясатында да өздерінің мүддесі басым. Біреу алғысы келмесе, онда еш қиналмастан басқа клиентіне сатады. Қазір Пәкістан және Үндістан нарығына шығу туралы бағытты қарастырып жатыр. Олар үшін ең маңыздысы – экспорт маршрутының әр алуандығы. Бағаға тіреліп отырған жоқ. Бізде бағаны айта береді.

Мұнайды КТК-мен жіберсек тоннасына 38 доллар кетеді екен дейді. Ал БТД арқылы тасымалдау үшін әуелі мұнайды Атыраудан Ақтауға жеткізіп аласыз, одан әрі қарай танкерге тиейсіз, ол Бакуге алып барады, содан кейін барып БТД құбырына түседі. БТД маршрутының толық бағасы – 1 тоннасына 110-120 доллар арасы. Қытайға Атыраудан мұнай жөнелту – құбыр арқылы – 1 тоннасына 40 доллар, теміржол арқылы – 1 тоннасына 140 доллар. Яғни шығыны КТК-дан 3-4 есе көп. Мәселе онда емес. Бізде бірнеше бағыт дайын тұру керек. КТК жабылып қалса, мұнайды іркіліссіз тасымалдай жөнелетін маршруттар болуы қажет. Иә, БТД маршрутының бағасының ішіне Атыраудан Ақтауға дейін теміржолмен, Ақтаудан Баку дейін танкермен, Бакуден БТД мұнай құбыры арқылы Жейхан портына дейінгі шығындар кіреді. Бірақ БТД арқылы тасымал жасау қымбат, экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп дамытпайтын болсақ, онда бір күні КТК жабылып қалса, онда тығырыққа тірелеміз де қаламыз. Бүкіл экономика құлдырайды. Ең кем дегенде Түркімен секілді болуымыз керек.

Ресеймен әрқашан дос болуымыз керек, олардың мүддесі біздің мүддемен астасып жатады дейтін сарапшылар бар. Оларға айтарым – ондай ойдан алыстау керек. Ресейді көрші, серіктес ел ретінде ғана көру керек. Мемлекеттер арасында дос деген ұғым жоқ. Оның өзіндік, біздің өзіндік саясатымыз бар. Ең басты міндет – кез келген уақытта кез келген тәуекелге дайын болу. Қытайға «Достық» арқылы мұнай жіберу құны – тоннасына 100 доллар. Бірақ қымбат екен деп оны есептен шығарып қоюға болмайды. Тәуелсіздік – бірінші, экономикалық тиімділік – екінші орында болуы керек деп есептеймін.

БТД – КТК секілді үлкен құбыр, күніне 1 млн-нан астам баррель мұнай жөнелте алады. Бірақ Әзербайжандағы мұнай өндірісі жылдан жылға төмендеп жатыр. 2010 жылы 38 млн тонна жөнелткен, ал сол кезде 20 млн тоннасы бос жатқан. Ал қазір 27 млн тонна ғана жібере алады, 32-сі бос жатыр. Жартысынан көбі бос. Құбырдың 30 пайызы Әзербайжанның ұлттық компаниясы SOCAR-дың еншісінде. Сондықтан өз құбырларының бос жатпай, жұмыс істеп тұруына Әзербайжандар да мүдделі болуы керек. «Қазақстан, сен мұнайыңды бер, біз тарифті арзандатып беруге дайынбыз» деуі қажет. Өйткені бұл құбырды толтыратын бізден басқа ел жоқ. Түркіменстан, Армения және Грузияда мұнай жоқ. Иран бұған мұнайын жібермейді. Енді Каспий арқылы БТД-ға тіке апаратын құбыр болса тіпті жақсы болар еді. Түркіменстан да Әзербайжанмен газ құбырын саламыз деп келе жатыр. Бірақ әлі күнге нақты шешім қабылданған жоқ. Қазір мысалы, танкерлермен жылына 5-6 млн тонна ғана мұнай жеткізе аламыз (БТД-ға – ред.). Мұндағы танкерлердің сыйымдылығы – 10 мың тонна. Ал КТК-да 100 мың тонналық танкерлер жұмыс істейді. Қуаттылық 10 есе аз. Кен орнынан Ақтауға дейін әуелі цистернамен жеткізеді. Теміржолмен. Әр цистерна – 60 тонна. Ақтауға дейін, сосын Ақтаудан Бакуге дейін мұнай құбыры болса онда мұнайды құбырдың күшіне байланысты жөнелтер едік. КТК болса былтыр 53 млн тонна мұнай жіберген. Биыл 56,5 млн тонна экспорттау жоспарланып отыр. Себебі, бізде өндіріс артып жатыр. Басқа жіберетін маршрут жоқтың қасы.

АҚШ-та өткен жиында бұрынғы министр Ақшолақов Каспийдің астымен жаңа құбыр салу туралы айтып қалды. Оның мүмкіндігі қандай? Ондай құбыр салуға шамамыз, батылымыз жете ме?

– Құбырды салуға ерік-жігер жетеді десе, бастап кетуге болады. 5 жыл деген мемлекеттік тұрғыда ештеңе емес. Онсыз да 30 жыл бойы Каспийдегі құбырсыз ақ өмір сүрдік қой. Тағы 5 жыл шыдай тұрамыз. Бұл жерде қинап тұрған Каспийге қатысы бар елдердің келісімі. Бірақ білуімше қазір заңды түрде ешқандай тосқауыл жоқ. Бұл жерде Ресей мен Ираннан сескену бар. Солардың қабағына қарап отырмыз. Құбырды салды деген күннен бастап Ресей КТК-ны тоқтата салуы мүмкін. Себеп табу қиын емес қой.

Негізі БТД-ға мұнай жіберу бойынша Теңізде тәжірибе көп. Олар алғаш рет 2006 жылы бастап, 2008, 2010 жылдары жіберіп тұрды. 2012 жылдан бастап тоқтатты. Бірінші себеп – БТД арқылы тасымалдаудың қымбаттығы болса, екінші фактор – Ресей мен Грузия арасындағы соғыс себеп болды. Компанияларға бұл бағыт тәуекел ретінде көрінді. Себебі БТД Грузия территориясы арқылы, соның ішінде Абхазия мен Осетияның қасынан өтеді.

Биылдан бастап «Дружба» арқылы Германияға мұнай жөнелте бастадық. Германияға мұнай жіберу үшін бірінші Атырау-Самара мұнай құбыры қолданылады. Ол құбыр – Ресейде. Самара арқылы Ресей, Польша, Беларусьті басып өтіп, Германияға жеткізіледі. Сонда қарасақ, бұл бағыт та біз үшін тәуелділік тудыруы мүмкін тәуекелді нұсқа болып шыға келеді.

Біздегі газ тапшылығы мен оның бағасы да тура жанар-жағар май мысалы секілді ғой. Оны да жақын арада шеше алмайтын сияқтымыз?

– Қазақстанда газдың үштен бірі ішкі нарыққа жіберіледі, үштен бірін кері айдаймыз, үштен бірін ілеспе газ ретінде жөнелтеміз. Жылдан жылға кері айдайтын газ үлесі артқан сайын өзімізге тұтынатын газ қалмай бара жатыр. Баға арзан болғандықтан инвесторлар газды кері айдағанды жөн көреді. Өйткені газдан бірдеңе қылып құтылу керек қой. Жақса, үлкен көлемде айыппұл төлейді. Олар кері айдаудың себебін жер қабатындағы газ қысымын қалыпты деңгейде ұстап тұру үшін керек деп түсіндіреді. Кері айдалатын газдың жартысы – Қарашығанақта. Ал Қарашығанақта мұнай өте төмендегі жер қабатынан өндіріледі, кері айдалған газ ол қабатқа жетпейді де, шынына келгенде. Сондықтан кері айдалған газ қысымды ұстап тұрады деген әңгіме толық шындыққа жанаспайды.

Өз газымыз өзімізге жетпеген соң оны не Түркіменстаннан, не Ресейден сатып аламыз. Ал олар өз нарығындағы бағадан арзанға сатпайды. Қымбат тарифті халықтың қалтасы көтермесе, оны мемлекет төлеуге мәжбүр болады. Мемлекет қазірдің өзінде жылына тек газдандыру жобасының өзіне 100 млрд теңге көлемінде субсидия жасап отыр. Сонда айналып келіп газ бағасына тірелеміз. Қазіргі баға мен нарықтық баға арасында айырмашылық тым қатты болып кеткен. Біз ұзақ уақыт бойы газ бағасын көтермей, қолдан тежеп келдік. Енді әрі қарай ұстап тұру мүмкін емес. Бағаны еркіне жіберейін десе халыққа ауыр тиеді. Көтермейін десе өндірушілерге тиімсіз болып бара жатыр. Орта жолын табу – ауыр жұмыстың бірі.

Ресейдің Қазақстанды газ транзиті ретінде пайдалануынан өзімізге тиімді келісім жасап қалудың орайы келе ме?

– Иә, ең қысқа жол болғаны үшін ғана Қазақстанмен келіссөз жүргізіп жатыр. Себебі, әрі қарай Алтай. Оның территориясы арқылы өткенше Қазақстандағы жазық жермен алып өткен ыңғайлы. Ресейдің мақсаты – өз газын Қытайға жіберу. Олар 50-60 млрд текше метр газ қажет етеді. Сондықтан Ресей «Солтүстік ағындағы» 150 млрд текше метр газдың белгілі бір бөлігін жібергісі келіп отыр. Олар Қытайға газды Қазақстан территориясы арқылы өткізіп, сатқаны үшін бізге құн төлеуге міндетті. Бәлкім, Қазақстан сол тарифтің есебінен келісіп, жергілікті тұрғындарға (солтүстік және шығыс облыстарға – ред.) Ресей газын тартуды шешетін шығар. Сөйтіп, пайдаланады. Сондай бір келісім бар шығар деп ойлаймын. Мұндай үлкен келісімдер кемі 20 жылдай жұмыс істейтіндіктен, келісімнің әр тармағын жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек.

Рақмет!