«ӨКМ операторы» ісі: басты сот талқылауы 17 сәуірде өтеді

Жарияланды
Фото: Shutterstock

Жұма күні Астанада «ӨКМ операторы» бойынша алдын ала сот тыңдауы жалғасты. Ал, бұл іс бойынша басты сот талқылауы 17 сәуірге тағайындалды. Істі Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 сотында судья Кемеңгер Иманшев қарайды.
Сондай-ақ судья айыпталушыларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыру және кепілмен босату туралы өтінішін қанағаттандырмады.

Іс бойынша 4 сотталушы бар. Олар: бұрынғы экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, «ӨКМ операторы» ЖШС бұрынғы басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев, бұрынғы қаржы директоры Рустам Темірбек және «ӨКМ операторы» бұрынғы бас директоры – Украина азаматы Светлана Коротенко.

Айыпталушылар «ӨКМ операторы» ЖШС-дан миллиардтаған қаржы жымқырды деп айыпталып отыр. Сондай-ақ алдын ала сот тыңдауы барысында сотталушылардың адвокаты іс бойынша Әлия Назарбаеваны тергеуге шақыруды сұрады.
Айта кетейік, 2022 жылдың қаңтарында экология вице-министрі болған Ахметжан Пірімқұлов пен «ӨКМ операторы» ЖШС бұрынғы басшысы Медет Құмарғалиев қамауға алынған болатын. Ал, «ӨКМ операторының» бұрынғы бас директоры Светлана Коротенкоға 20 млрд теңге жымқырды деген айып тағылып, ұсталған болатын.

Қазақстанда автокөліктерге утиль алымын 2016 жылдан бері жинап келген «ӨКМ операторының» қызметі өткен жылы қаңтар айында Президенттің пәрменімен тоқтатылған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз