Қазақстан экономикасы 2023 жылғы қаңтар-ақпан айында 4,3%-ға өсті
Ұлттық банктің дерегінше, Қазақстан экономикасы 2023 жылғы қаңтар-ақпан айында 4,3%-ға өсті. Экономиканың өсімі жыл қорытындысы бойынша 3,5-4,5% болады деген ҰБ болжамына сәйкес келеді. Оған үшкі сұраныста қалыптасқан орнықтылық, автомобильді, электр тұрмыстық техниканы, азық-түлік пен киім-кешекті сату нәтижесіндегі бөлшек тауар айналымының оң динамикасы дәлел болып отыр.
Жалпы, Ұлттық банктің дерегінше, Инфляция баяулай бастады және болжам траекториясына сәйкес келеді.
2023 жылдың наурыз айында жылдық инфляция 18,1%-ға дейін төмендеді. Сонымен қатар, инфляцияның баяулауы ақпандағы реттелетін қызметтер тарифінің және оңтүстік өңірлерде егіннің жойылып, үсікке тап болуына байланысты жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бағасының өсуімен, сондай-ақ жоғары сұраныс жағдайында көлік қызметі құнының өсуімен шектелді, делінген ҰБ ақпаратында.
2023 жылғы ақпанда айлық инфляцияның төмендеу динамикасы тоқтағаннан кейін (а/а 1,3%) наурызда 0,9%-ға дейін одан әрі төмендегенін көрсетті. Дегенмен, ол тарихи орташа деңгейден (2017-2021жж. наурызда 0,6%) әлі де болса жоғары.
Проинфляциялық орта сақталып отырғандықтан, инфляция әлі де жоғары қалпында қалып отыр. Наурызда бір жылдан кейін күтілетін инфляция респонденттер тарапынан 16,5% деңгейінде бағаланды (ақпанда – 14,2%). Инфляциялық күтулердің факторларына – азық-түлік бағасының өзгеруі, сыртқы оқиғалар, теңге бағамының өзгеруі, сондай-ақ жалақы мен зейнетақының өсуі жатады.
Сыртқы инфляция баяулағанына қарамастан жоғары қалпында қалып отыр.
Әлемде азық-түлік бағасы үздіксіз төмендеп келеді, бірақ, әлі де соңғы бес жылдағы орташа мәннен жоғары. АҚШ-та және ЕО елдерінде азық-түлік пен қызметтердің жоғары бағасы тұтынушылық инфляцияны жоғары мәнде ұстап отыр. АҚШ ФРЖ мен ЕОБ риторикасы банк секторында туындаған қиындықтарға қарамастан мейлінше қатал күйінде қалды. Сонымен қатар ЕОБ-тың пайымдауынша, инфляция әлі ұзақ уақыт бойы жоғары қалпын сақтап қалады.
Әлемдік рецессия күтуін күшейткен АҚШ пен Еуропаның банк секторындағы қиындықтардың салдарынан және шикізатқа сұраныс мейлінше төмен болуына орай 2023 жылы мұнайдың бағасы базалық сценарий бойынша белгіленген орташа есеппен 1 баррель үшін 88 АҚШ доллары деңгейінен төмен қалыптасып отыр. Дегенмен, биыл ОПЕК+ құрамына кіретін елдердің мұнай өндіруді жоспарлы түрде қысқартуы, санкцияларға байланысты Ресейдегі төмен мұнай өндірісі, сондай-ақ, Қытай шекарасы ашылғаннан кейінгі қалпына келу үрдісі қолдау көрсетеді.
Проинфляциялық тәуекелдер сақталып, ішінара жүзеге аса бастады.
Құбылмалы инфляциялық күтулер елдегі проинфляциялық ортаның жоғарылағанын көрсетеді. Реттелетін тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі салдарынан инфляцияның ықтимал жеделдеу тәуекелі сақталып, ішінара жүзеге аса бастады. Сонымен бірге республикалық бюджет шығыстарын елеулі түрде қайта қарау және бюджеттік қағиданы пайдалануды уақытша тоқтату – белгісіздікті туындатып, тәуекелдер балансын проинфляциялық жағына ығыстырады.
Жанар-жағармайға және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықтың реттелетін қызметтеріне бағаның өсуіне байланысты инфляциялық тәуекелдерге қарамастан реформалардың уақыты келіп, олар орта және ұзақмерзімді келешекте экономикада жинақталған теңгерімсіздікті төмендетуге бағытталған, делінген Ұлттық банк түсіндірмесінде.