Қазақстанда аса ауыр қылмыс жасаған 300 ге тарта адам іздеуде жүр

Жарияланды
Аса ауыр қылмыс жасаған 300 ге тарта адам іздеуде
Фото: Kursiv.media

Құқық қорғау органдары  аса ауыр қылмыс жасаған 284,  ауыр қылмыс жасаған 1553 және орташа және онша ауыр емес қылмыс жасаған 574 адамды іздестіруде. Жыл басынан бері іздеу жарияланған 684 адамның 473-і ұсталды, бұл 70% құрайды. 2022 жылдан бастап іздестіру жұмысының тиімділігін арттыруды қамтамасыз ететін «электрондық іздестіру журналы» жүйесі іске қосылған. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Бас прокуратурада ҰҚК, СЖҚІА, ҚМА, ІІМ-нің, аумақтық қылмыстық қудалау органдары мен прокуратура басшыларының қатысуымен күдікті адамдарды іздестірудің тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.

Құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысының нәтижесінде соңғы 3 жылда іздеудегі тұлғалардың саны 5 мыңнан 2,5 мыңға дейін, екі есеге төмендеген.

Ресей, АҚШ, Түркия, БАӘ, Қырғызстан, Өзбекстан және Украинадан бүгінгі таңда елге 95 азамат қайтарылды.

Бұл қылмыстық қудалау органдарының үйлестірілген қызметі, іздестіру дерекқорларының күнделікті мониторингін ұйымдастыру және прокурорлық тексерулерді жүргізу, сондай-ақ халықаралық әріптестермен тығыз өзара іс-қимыл нәтижесінде мүмкін болды.

«Ұйымдық және құқықтық шаралар кешенінен басқа, қылмыскерлерді ұстау үшін цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізілуде. Бет-әлпетті танудың отандық алгоритмі жасалды, оның көмегімен 20-дан астам күдікті анықталды», делінген ақпаратта.

Жиын соңында қылмыстық қудалау органдарының басшылары мен облыс прокурорларына қылмыскерлерді іздестіру және экстрадициялау жөніндегі жұмысты күшейту ұсынылды.

Бас бостандығынан айыруға байланысты емес бұлтартпау шарасы тағайындалған күдіктілердің тергеу органдары мен соттарға келуінен жалтаруға жол бермеуге бағытталған ұйымдастырушылық-құқықтық және өзге де шараларды қабылдау тапсырылды. Жалпы қылмыскерлерді іздеу және ұстау жұмыстары жалғасуда.

Бұдан бұрын «Қаңтар оқиғасы» бойынша ісі сотта қаралып жатқан Алматы облысы полиция департаментінің экс-басшысы Серік Күдебаевтың шетелге қашып кеткені белгілі болған еді. ҰҚК төрағасы Күдебаевтың елден заңсыз өтіп кеткенін анықтау үшін шекара қызметінде тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын, Қырғыз Республикасына ресми сұраныс жіберілгенін хабарлаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз