Жаңалықтар

11 жылда 1,9 млрд теңгеге 56 мыңнан астам заңсыз сақталған қару қайтарылған

Қазақстанда 1,9 млрд теңгеге 56 мыңнан астам заңсыз сақталған қару қайтарылған
Фото: Shutterstock

11 жыл ішінде 1,9 млрд теңгеге 56 мыңнан астам заңсыз сақталған атыс қаруы, 2 млн астам ойық қарудың патрондары қайтарылған. Бұл жайлы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің қару айналымын бақылау бөлімінің бастығы Асылбек Ыдырысов мәлімдеді.
Бұл қаруларды азаматтар ерікті түрде қайтарған. Жалпы, халықтан заңсыз сақталған қау-жарақтарды сатып алу үрдісі 2008 жылдан бері үнемі өткізіліп келеді. Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын акциялар 2008, 2012-2014, 2016-2022 жылдар аралығында өткізілген.
Ал өткен жылғы акция нәтижесінде азаматтар Ішкі істер министрлігіне 89 млн теңгеге, 1400 бірлік атыс қаруы, 10 мыңнан астам ойық қаруының патрондары ерікті түрде тапсырған.
Қару ең көп тапсырылған өңір Түркістан облысы. Онда 237 бірлік қару тапсырылған. Ал Жамбыл – 160 бірлік, Шығыс Қазақстан – 153 бірлік, Қызылорда – 116 бірлік, Қарағанды – 107 бірлік, Ақмола – 105 бірлік және Алматы – 90 бірлік қару тапсырған.

«Бұл шаралар криминогендік ахуалға оң септігін тигізді.Тек соңғы 5 жылда қарумен жасалған қылмыстар саны жартысына дерлік азайды. 2016 жылы 389-дан – 2021 жылы 192-ге дейін түсті» дейді полиция өкілі.

Биылғы жылы да акция жалғасады. 10 сәуірден басталатын бұл шараға республикалық бюджеттен 88 млн теңгеден астам қаражат бөлінген.

«Қару мен жарылғыш заттар, оның құрамдас бөліктері адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіретіндіктен, оны ұқыпсыз қолдану ауыр апатты зардаптарға әкелуі мүмкін. Табылған қаруды бөлшектеу, сындыру және тасымалдаудың қажеті жоқ. Бұл мақсатта бізде арнайы оқытылған қызметкерлер мен техникалар бар» деп ескертті Асылбек Ыдырысов.

Қаруды өтемақыға тапсырғаны үшін төлем мөлшері олардың түріне, техникалық күй-жайына байланысты 10 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін яғни 34 мыңнан 345 мыңға дейін бағаланады. Сыйақы көлемін әр облысытық, қалалық және аудандық полиция органдарында құрылатын комиссиялар белгілейді.

Заңсыз сақталған атыс қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды ақшалай сыйақы үшін тапсыруға ниет білдірген азамат кез келген аумақтық полиция органына өтініш бере алады.Қару-жарақты ерікті түрде өтемақыға тапсыруға ниет білдірген азамат, егер оның әрекеттерiнде өзге құқық бұзушылық құрамы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.