АМӨЗ 2023 жылдың соңына дейін шығарындыларды автоматты бақылау жүйесін енгізеді

Жарияланды

2023 жылдың соңына дейін Атырау мұнай өңдеу зауытының төрт технологиялық қондырғысына автоматты бақылау жүйесі енгізіледі. Ал 2028 жылдың соңына дейін кәсіпорын Атырау облысының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған кемінде бес жобаны жүзеге асырады, деп хабарлады «Атырау МӨЗ» ЖШС баспасөз қызметі.

Жоспарланған экологиялық жобаларды іске асырудың нәтижесінде Атырау мұнай өңдеу зауыты 2028 жылға қарай аталған нысандардан ауаға жіберілетін шығарындыларды шамамен 82%-ға, яғни 1242 тоннадан 223 тоннаға дейін төмендетуді, сондай-ақ табиғи су ресурстарын пайдалануды және өндірістік қызмет нәтижесінде бөлінетін жағымсыз иісті азайтуды жоспарлап отыр, – деді Атырауда өткен брифинг барысында зауыттың бас директоры Мұрат Досмұратов.

2023 жылдың аяғына дейін АМӨЗ-дің 4 технологиялық қондырғысына (кокс пен күкірт өндірісі, жылу және электр энергиясы өндірісі, хош иісті көмірсутектер өндірісі) автоматты бақылау жүйесі енгізіледі. Аталған қондырғылар зауыттағы ластаушы шығарындылардың негізгі көзі. Автоматты бақылау жүйесі пештер мен қазандықтардан шығатын түтін газдарындағы күкірт диоксиді, күйе, метан, азот оксидтері, көміртегі тотығының құрамы бойынша талдау нәтижелерін автоматты түрде реттеуші органдарға жібереді.

Сондай-ақ 2023 жылдың соңына дейін АМӨЗ-де Tazalyq жобасы аясындағы ағынды суларды механикалық тазарту қондырғыларын жаңғырту жұмыстары толықтай аяқталады. Осы жылдың наурыз айында мәресіне жеткен жаңғырту жұмыстарының I кезеңі аясында 3 ашық ағынды су бассейні жойылды. Екінші кезең барысында тағы 2 бассейнді демонтаждау жұмыстары жүргізілуде. Авариялық қамба (тағы бір бассейн) шатырмен жабылып, ондағы мұнай қалдықтары қайта өңделеді. Нәтижесінде АМӨЗ ағынды суларды сапалы тазартуды қамтамасыз етіп, олардан атмосфераға зиянды заттардың бөлінуін толығымен жояды.

2025 жылдың соңына дейін Атырау мұнай өңдеу зауыты жаңа сорғы стансасын салуды жоспарлап отыр. Бұл бензин құю кезінде көмірсутектердің булануын азайтады. Ал құю процесі зауыт аумағынан тыс жерде, ашық түсті мұнай өнімдерін тактілеп кұюға арналған автоматтандырылған қондырғыда жүргізіледі. Бұл зауыт аумағының газдалу қаупін жояды және көмірсутектердің булануынан бөлінетін шығарындыларды жылына 50 тоннаға дейін ұстауға мүмкіндік береді.

2025 жылдың соңына дейін зауыттағы 22 мұнай және бензин резервуарына понтондар орнатылады. Бұл әр резервуардан ауаға жіберілетін көмірсутегі шығарындыларын 80 пайызға дейін азайтып, мұнай өнімдерінің жануына жол бермейді. 2022 жылы 3 резервуарға понтондар орнатылса, 2023 жылы тағы 7 резервуардың бетін понтонмен жабу жоспарланып отыр.

2027 жылдың соңына дейін АМӨЗ ауаға жіберілетін зиянды заттардың көлемін азайту баяу кокстеу қондырғысында буды қайтару блогын салады.

2028 жылдың соңына дейін Атырау мұнай өңдеу зауыты «Сарқынды суларды тазарту қондырғысының құрылысы» жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл жоба Жайық өзенінің суын пайдалану көлемін жылына 5 млн. м3-ке дейін қысқартуға және ағынды суларды шығаруды азайтуға мүмкіндік береді.

Атап өтсек, 2022 жылы АМӨЗ-дің атмосфераға жіберген ластаушы шығарындыларының көлемі 10 412 тоннаны құрады, бұл рұқсат етілген шектен 45 пайызға аз.

Сондай-ақ оқыңыз