Microsoft Қазақстанда мультиаймақтық хаб ашады

Жарияланды
Microsoft Қазақстанда хаб ашады
Фото: Shutterstock

«Microsoft» корпорациясы Қазақстанда мультиаймақтық хаб ашады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өзінің Facebook парақшасында жазды.

Оның дерегінше, бұл хаб корпорацияның технологиялық даму және инновациялық орталығы бола отырып, шикізаттық емес технология салаларындағы өнімдерді өндіру мен экспорттауды ынталандыру арқылы адами капиталды дамыту және ұлттық экономиканы нығайту драйверіне айнала алады.

Бағдат Мусин Мемлекет басшысының Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясы аясында Нью-Йоркте жасаған сапары аясында Microsoft компаниясының Орталық және Шығыс Еуропа бойынша бас директоры Мишель Симмонспен кездесу өткізгенін еске салды. Сол кездесуде қазақстандық өкілдікті аймақтық хабқа дейін кеңейту мәселесі көтерілген.

«Сол кезде Қасым-Жомарт Кемелұлы алдымызға осы бастаманы жандандырып, оны жүзеге асыруға қажетті жағдайларды жасау міндетін қойды. Осы уақыт ішінде Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрлігінің және еліміздің Сан-Францискодағы Бас консулдығының, сондай-ақ Microsoft корпорациясының қазақстандық өкілдігінің қолдауымен бұл мәселені шешу бойынша белсенді жұмыстар жүргізілді. Менің Кремний алқабына сапарым барысында біз де бұл мәселені айналып өткен жоқпыз» деп жазды Бағдат Мусин.

Microsoft корпорациясы Қазақстанда орналасатын мультиаймақтық хаб ашуға дайын екені жөнінде ресми түрде Қазақстан тарапын хабардар етіпті. Бағдат Мусиннің дерегінше бұл хаб Орталық Азия елдерінен бөлек, Әзербайжан, Армения, Грузия, Монғолия және Пәкістан елдерін де қамтиды.

«Сондай-ақ корпорацияның ChatGPT сияқты көптеген сервистерінде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мәселесі талқыланды. Бұл бізге қай жағынан тиімді? Microsoft қызметін локализациялау Қазақстанға аймақтық ауқымда технологиялар мен озық шешімдерді тарту орталығына айналуға мүмкіндік береді» деп жазды Бағдат Мусин.

Сондай-ақ оқыңыз