Қазақстан Әзербайжан мен Армения арасын дипломатиялық жолмен реттеуді жақтайды

Жарияланды
Фото: Ақорда

Қазақстан мен Әзербайжан басшылары арасында өткен келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Бірлескен мәлімдемеге және Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесін құру туралы хаттамаға қол қойды

Сондай-ақ, Ақордада екі ел Президенттерінің қатысуымен брифинг өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиев сапарының маңызы ерекше екенін атап өтті.

Біз бүгін шағын және кеңейтілген құрамда мазмұнды келіссөздер өткіздік. Сауда-экономика, көлік-транзит, энергетика салаларындағы қарым-қатынасты дамыту мәселесін талқыладық. Сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдетуге қатысты бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік. Осы сапардың нәтижелері Қазақстан мен Әзербайжанның қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы Жоғары Мемлекетаралық кеңес құру туралы маңызды шешім қабылданғанын айтты. Оның сөзінше, бұл құжат екіжақты қатынастарды кешенді түрде нығайтуға бағытталған.

Елдеріміздің мүдделі құрылымдарының (Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, сауда-экономикалық миссиялар, Іскерлік кеңес, сауда үйлері) үйлесімді қызметі экономикалық ынтымақтастықты мүлде жаңа деңгейге көтереді. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағытының (орта дәліздің) әлеуетін толық пайдаланудың маңызы зор. Бұл жерде логистикалық қызметтерді жетілдіру, бірыңғай көлік операторларын құру, техникалық және тарифтік шарттарды жаңғырту, әкімшілік кедергілерді жою және тұйық логистикалық циклды қалыптастыру туралы сөз болып отыр. Орта дәлізді дамытудың 2022-2027 жылдарға арналған Жол картасын тиімді жүзеге асырудың да маңызы зор. Біз бұл бағытқа қызығушылықтың артқанын толыққанды пайдалана отырып, оның инфрақұрылымын дамытуға үшінші елдерді тарту маңызды деп ұйғардық. Бұл шаралардың барлығы, сондай-ақ халықаралық серіктестерімізбен арадағы тығыз ынтымақтастық «Шығыс-Батыс» бағыты бойынша жүк жеткізудің тұрақтылығы мен жеделдігіне кепілдік беруге ықпал етеді, – деді Мемлекет басшысы

 Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, келіссөздер барысында энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға баса мән берілді. Әлемдік нарықтарға энергия ресурстарын жеткізу ісін одан әрі әртараптандыру – маңызды міндет.

Қол жеткізген уағдаластықтарымыздың нәтижесінде биыл Әзербайжан арқылы Қазақстан мұнайының бірінші партиясы жөнелтілді. Келесі қадам –жеткізілетін мұнай көлемін ұлғайту және оны ұзақмерзімді әрі тұрақты жеткізу бағытына айналдыру. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, аталған маңызды бастамаларды жеке қолдағаны үшін Әзербайжан Президенті құрметті Ильхам Гейдар оғлу Әлиевке алғыс айтқым келеді. Біз экономикамыздың жаңа «өсім деңгейі» бола алатын серпінді инвестициялық жобаларды іске асыруға арнайы тоқталдық, – деді Президент.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанына тоқталды. Бұл жобаның стратегиялық маңызын ескере отырып, оны уақтылы іске қосу тапсырылды. Сонымен қатар әзербайжандық серіктестерге мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ IT-стартаптар үшін Қазақстан платформаларын пайдалану ұсынылады.

Бұдан бөлек, биыл Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндерін өткізу осы жылдың айтулы оқиғасы болмақ. Сонымен бірге, Елімізде Әзербайжанның мәдениет күндерін ұйымдастыру туралы уағдаластық бар. Қазақстанда өткізілетін бірқатар іс-шара Әзербайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына арналады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы тараптардың халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқаны туралы айтылды.

– Қазақстан мен Әзербайжан түрлі көпжақты құрылымдар аясында өзара табысты ынтымақтастық орнатқан. Көптеген өзекті халықаралық және өңірлік мәселе бойынша екі елдің ұстанымдары ортақ. Осы ретте Қазақстан Әзербайжан мен Армения арасындағы келіспеушіліктерді дәстүрлі түрде дипломатиялық жолмен реттеуді жақтайтынын, сондай-ақ тараптардың бейбітшілік шартын тезірек жасау жөніндегі күш-жігерін құптайтынын атап өткім келеді. Жалпы, өңірде тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін өзара қолдауды жалғастыру және бірлескен шаралар қабылдау қажеттігі туралы пікірлеріміз ортақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгін Астанаға Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев ресми сапармен келді. Ол Қазақстан Президентімен шағын құрамда және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді.

Әзербайжан Президентінің Астанаға ресми сапары аясында мынадай құжаттарға қол қойылды: 1. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Жастар және спорт министрлігі арасындағы Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;

2. Қазақстан Республикасының «Отандастар қоры» Коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен Әзербайжан Республикасының Диаспорамен жұмыс жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум;

3. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы арасындағы Ғылыми ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;

4. «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» Коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен Әзербайжан мемлекеттік ақпарат агенттігі арасындағы Ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандум;

5. «Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Әзербайжан Республикасының Шағын және орта бизнесті дамыту агенттігі арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум;

6. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты мен Баку халықаралық мультимәдениеттілік орталығы арасындағы Ғылыми және мәдени ынтымақтастық туралы меморандум.

Сондай-ақ оқыңыз