Қазақстан мен Әзербайжан Президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді

Жарияланды

Фото: Ақорда

Астана Қазақстанға ресми сапармен келген Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевті күтіп алды. Оны Нұр-сұлтан әуежайынан үкімет басшысы Әлихан Смайылов қарсы алған еді.

Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев арасында шағын құрамда келіссөз өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруын қабыл алып, Астанаға ресми сапармен келгені үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Келіссөз барысында Қазақстан Президенті 2022 жылы тамыз айында Бакуге сапарын еске алып, оның нәтижелі болғанын атап өтті. Оның айтуынша, президенттердің екі ел үкіметіне берген тапсырмаларының орындалу барысын пысықтау қажеттілігі туып отыр.

«Әзербайжан мен Қазақстан – бауырлас әрі достас мемлекеттер. Біздің тарапымыздан сауда-экономика және инвестиция салаларындағы жан-жақты ынтымақтастықты, сондай-ақ екіжақты форматтағы және халықаралық ұйымдар аясындағы саяси қарым-қатынасты дамыту үшін барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Біз Кавказ аймағында жетекші рөл атқаратын Әзербайжан мемлекетімен экономикалық қатынастар мен ынтымақтастықты дамыту үшін ауқымды жұмыс жүргізуді көздеп отырмыз. Біздің арамызда ешқандай мәселе жоқ. Тек қана осы бағытта алға ілгерілеуге деген ниет қана бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдірді. Сондай-ақ, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын атады.

«Біздің ресми сапарлар аясында жиі кездесуіміз осы қарым-қатынасымыздың сипатын аңғартады және ұдайы байланыста болу қажет екенін көрсетеді. Өзіңіз айтқандай, біздің елдеріміздің бір-біріне деген бауырластық ниеті шынайы. Бұл – екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жақсы негіз. Ынтымақтастық бағыттарына келетін болсақ, оларды санамалауға біраз уақыт кетеді. Өйткені ол қоғамның барлық саласын қамтиды. Әрине, қазіргі жағдайда сауда-экономикалық және инвестициялық жобалар, сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылымға қатысты жобалар басымдыққа ие», деді Ильхам Әлиев.

Сондай-ақ оқыңыз