Қазақстан мұнай экспортын қалай әртараптандыра алады?

Жарияланды
Қазақстан мұнай экспортын әртараптандырады
Фото: Shutterstock

«Дружба» арқылы сатылатын қазақ мұнайы Brent бағасынан 1 доллар қымбатқа саудаланады

2022 жыл – мұнай экспортын әртараптандырудың бастауы болса, 2023 жыл – сол ізденістің белсенді кезеңі болатын сияқты. Қазақстан, әсіресе, біраз жылдан бері өз қуаттылығы деңгейінде жұмыс істей алмай отырған Әзербайжан құбырларын пайдалануға ниетті. Осы ретте Argus Media Қазақстан мұнай экспортының диверсификациясына қатысты талдауын жария етті.

Олардың пайымдауынша, өткен жылдың басты маңызды факторлары қатарына – КТК бойынша мұнай жөнелтудің тәуекелін, Қазақстанда, соның ішінде Теңізде өндірістің өскенін, ресейлік мұнайға салынған санкцияны, Urals-қа (Ресей мұнай сорты) қатысты жеңілдіктің күрт артуы (яғни, күрт арзандауы), қазақстандық KEBCO сортының ашылуын, экспорттаушылардың Ресейді айналып өте бастауын және балама экспорт қуаттылығы бойынша тапшылықтың туындауын жатқызады.

Биыл Қазақстан мұнайы үшін пайда болуы мүмкін жаңа маршруттар:

  • Баку – Тбилиси – Джейхан (БТД) –  жылына 1,5 млн тонна;
  • Батуми – жылына 0,3-0,5 млн тонна;
  • «Дружба» (Германия) – жылына 1,2 млн тонна.

Талқыланып жатқан маршруттар:

  • Баку-Супса;
  • Иран;
  • Балтық елдерінің порттары;
  • «Дружба» (басқа бағыттары);
  • Финляндия.

Қазіргі уақытта Қазақстаннан мұнай транзиті негізінен РФ территориясы арқылы өтеді (жылына 65,0 млн тонна – Қазақстан экспортының 90 пайызы). КҚК қазақстандық мұнай экспортының 80 пайызын қамтамасыз етіп тұр. КҚК-нан өзге балама бағыттардың жалпы қуаттылығы – жылына 20-25 млн тоннаға жетеқабыл.

2022 жылдың маусымынан Қазақстан өзінің мұнай сортына KEBCO деген атау беріп, Ресей мұнайынан (Urals-тан) іргесін аулақ салды. Ресейлік мұнайға салынған санкциядан бой тасалаған бұл әдіс баға саясатына әжептәуір әсер етті.

Жақын уақыттағы перспективалы әрекеттер қандай? Біріншіден, жақын жылдарда КҚК негізгі экспорттық бағыт болып қала береді. Екіншіден, Теңіздегі өндіріс көлемі жылына 12 млн тоннадан аса бастайды. Уақыт өте келе РФ арқылы транзитке деген тәуелділік азайып, БТД арқылы тасымал үлесі артады. Үшіншіден, Кеңқияқ – Атырау қуаттылығы жылына 12 млн тоннаға дейін кеңейеді.

Сондай-ақ Argus Каспий мұнайы сорттарының Brent-ке қатысты қалай сатылатынын да зерттеп көрген. Мәселен, «Дружба» арқылы сатылатын қазақ мұнайы Brent бағасынан 1 долларға қымбатқа саудаланса, КҚК мұнайының қоспасы 3-4 доллар арзанға сатылады. Батумимен кететін Теңіз мұнайы – 5 доллар, Ақтаудан Әзербайжан бағытына жөнелтілетін Бозашы, Теңіз мұнайы – 15-25 доллар, Құмкөл мұнайы – 9-10 доллар, Алашанькоу қоспасы – 5,33 доллар, Қияңлы қоспасы – 18-20 долларға арзанырақ сатылады. Өңірдегі ең арзан бағада сатылып жатқаны – Urals сорты – ол Brent-тен 39 долларға төмен сатылады. Ал БТД мұнайы 3,75 долларға қымбатырақ тұр.

Әрине, әр бағыттың транспорттық шығыны да әр алуан:

  • Новороссийск/Усть-Луга – тоннасына 31 доллар;
  • Дружба (Германия) – тоннасына 29 доллар;
  • КҚК – 38 доллар;
  • Махачкала-Новороссийск – 41 доллар;
  • Батуми – 126-139 доллар;
  • БТД – 112-124 доллар;
  • Иран – 101-113 доллар;
  • Шағыр-Ферғана – 45 доллар;
  • Қытай (теміржол арқылы) – 142 доллар;
  • Қазақстан Қытай құбыр желісі – 43 доллар.

2022 жылы Қазақстан 84,2 млн тонна мұнай өндіріп, оның 64,4 млн тоннасын экспортқа шығарды. 18 млн тоннасы өңдеуге (мұнай өнімі ретінде ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін) жіберілді.

Биылғы өндіріс болжамы – 90,5 млн тонна. Соның 71 млн-ы экспортқа шығарылып, 17,9 млн-ы іште өңделуі тиіс.

Курсив-ке сұхбат берген сарапшы Абзал Нарымбетов, мұнай тасымалын әртараптандыру – экономикалық тәуелсіздік кепілі екенін айтқан болатын. Сәуір айында «ҚазТрансОйл» АҚ Германияға 100 мың тонна мұнай жеткізетінін мәлім еткен болатын.

Сондай-ақ оқыңыз