Сапта тұрғанда құлаған: Алматыда сарбаздың өліміне қатысты сот үкімі шықты
Фото: kursiv.media
Алматы гарнизоны әскери сотында сарбаз Әлібек Қалбайдың өліміне кінәлі деп айыпталған сотталушыға сот үкімі шықты.
Атыраулық сарбаз Айболат Аманжолов қылмыстық кодекстің 440-бабы (Әскери қызметшiлер арасында бағыныштылық қатынастар болмаған кезде олардың арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық қағидаларын бұзу) бойынша кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы сарбаз Аманжоловты 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Айта кетейік, маңғыстаулық Әлібек Қалбай 2022 жылдың 22 сәуірінде Жамбыл облысы Отар ауылында орналасқан әскери бөлімде қайтыс болды.
Ол сапта тұрған кезде кенеттен есінен танып құлаған. Жас сарбаздың қазасына байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдіріп, Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.
Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты сот отырысы Алматы гарнизоны әскери сотында 23 тамызда басталды. 2022 жылдың қарашасында істі сот прокуратураға қайтарды.