Ұлттық банк жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейтінін ескертеді

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Қазақстан Ұлттық Банкі халықаралық аударымдармен байланысты алаяқтық әрекеттер көбейгенін ескертеді.

Хабарламаға сәйкес, жеке және заңды тұлғалар Ұлттық Банкке шетел валютасымен ақша алуға жәрдем көрсетуді сұрап, өтінішпен жүгінеді. Жеке және заңды тұлғалар мұндай өтініштерге жалған төлем құжаттары (соның ішінде SWIFT форматында) және есепте жоқ шоттар мен ақша аударымдарын растайтын шарттарды қоса береді екен.

Алайда, Ұлттық банк Ұлттық Банк SWIFT арқылы клиент төлемдеріне қызмет көрсету процесіне қатыспайды және SWIFT арқылы операция жүргізуге рұқсат бермейді. Өйткені:

Ұлттық Банк орталық банкі саналады және ол Қазақстан Республикасының банк жүйесінде жоғарғы (бірінші) деңгейді білдіреді. Ұлттық Банк жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді және  ҚР резидент, бейрезидент тұрғындарына ақша аудармайды.

Ұлттық Банк жекелеген валюталық шарттарға валюта операциялары бойынша деректерді жинау мақсатында ғана есептік нөмірлерді  тіркейтінін хабарлайды. Бұл рәсім рұқсат ету, санкция салу немесе мақұлдау қызметін атқармайды. 

«Есептік нөмірді Ұлттық Банк реттеуші тарапынан қандай да бір міндеттемесіз береді және оның болуы келісім бойынша ақша түскенін не жөнелтілгенін білдірмейді. Бұл ретте нөмір беру Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін тұлғаларды жауапкершіліктен босатпайды» делінген хабарламада.

Сондай-ақ оқыңыз