Жаңадан тағайындалған сыртқы істер министрі Ресейге барады
Фото: kursiv.media
Премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ресей Федерациясына ресми сапармен барады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлады.
«2023 жылдың 13 сәуірінде Ресей тарапының шақыруымен премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Ресей Федерациясына ресми сапары өтеді. Сапар аясында Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров және Ресей президентінің Халықаралық істер жөніндегі көмекшісі Юрий Ушаковпен кездесуі және келіссөздері жоспарланған», – деді Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, қос тарап саяси, сауда экономикалық және мәдени гуманитарлық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылайды. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібі мәселелері бойынша өзара іс-қимылды талқылайды деп жоспарланған.