1 қыркүйектен бастап, 2 сынып оқушыларына шет тілдері оқытылмайды. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың осыған қатысты бұйрығы жарияланып, қоғамдық талқылауға ұсынылды.
«Бұйрық жобасының мақсаты – білім беру мазмұнын түзету. Қазақстандық білім беруді ағымдағы жаңғыртудың түйінді бағыттары оқушыға түсетін оқу жүктемесін азайту, STEM білім беру тәсілдері, тәрбиелік компонент негізінде жаратылыстану-математикалық пәндерді оқытуды күшейту, білім алушыларды ерте әлеуметтендіру және кәсіптік бағдарлау, білім берудің инклюзивтілігін күшейту, тұрғылықты жеріне және оқыту тіліне қарамастан сапалы білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету», делінген құжатта.
Құжатқа сәйкес 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 2-сыныпта «Көркем еңбек» пәнінің орнына «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәндері енгізіледі. Ал «Шет тілі» пәні алынып тасталды. Сондай-ақ төмендетілген оқу жүктемесімен 10-11 сыныптардағы үлгілік оқу жоспарларының вариативтік компонентіндегі 1 сағат «Шет тілі» пәніне берілген.
«Нәтижесінде 11 жылдық оқыту шеңберінде оқу бағдарламаларын жетілдіру жөніндегі жүйелі жұмыс Қазақстандық білім беру жүйесін білім берудің халықаралық стандарттық сыныптамасы деңгейіне шығаруға мүмкіндік береді және мектеп түлектеріне Еуропалық біліктілік шеңберінің қажетті деңгейлерін меңгеруге мүмкіндік береді» делінген құжатта.
Осыған дейін 1 сынып оқушыларының бағдарламасынан орыс тілі мен ағылшын тілі алынып тасталған болатын. Енді 2 сынып оқушылары да ағылшын тілін оқымайды. Ал оқыту орыс тілінде жүргізілетін 1 сынып бағдарламасына сәйкес оқушылар аптасына 2 сағат қазақ тілін оқиды.