2023 жылы жылу желілерін жаңартуға 69,4 млрд теңге бөлінді

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Бұл қаражатқа тек 105 шақырым желі жөндеуден өткізіледі. Республика бойынша 7,5 мың шақырым жылу желісін ауыстыру қажет. Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев жылу желілерінің тозу көрсеткіші жоғары облыстарды атады.
Төтенше жағдайлар министрлігі республикалық дағдарыс орталығының мәліметінше, 2022-2023 жылдағы жылу маусымы кезінде тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінде 185 технологиялық ақау болды. Олардың басым бөлігі инженерлік-коммуникациялық желілердің тозуына байланысты болған.

«Жергілікті атқарушы органдардың жедел деректеріне сәйкес 2022 жылдың қорытындысы бойынша жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы – шамамен 14 мың шақырым. Желілердің орташа тозуы – 54%. 7,5 мың шақырым ауыстыруды қажет етеді. Ең көп тозу Павлодар (82%), Абай (68%), Қарағанды (68%), Шығыс Қазақстан (66%) және Солтүстік Қазақстан (65%) облыстарында сақталып отыр», – деді Қарабаев Үкімет отырысында.

Оның айутынша, коммуналдық меншіктегі жылу желілерін жаңғырту мақсатында министрлік қаржыландырудың 3 тетігін іске асырып жатыр:
нысаналы трансферттер,
бюджеттік кредит,
шығындарды 50%-ға дейін субсидиялау.

«2023 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде тозу көрсеткіші 75%-дан асатын 47 жобаны іске асыруға 69,4 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа шамамен 107 шақырым жылу желілерін қайта жаңарту жоспарланып отыр. Жалпы 2029 жылға қарай жылумен жабдықтау желілерінің тозуын 43%-ға дейін төмендету міндеті тұр», – деді Марат Қарабаев.

Қарабаев жергілікті атқарушы органдар жылумен жабдықтау жобалары бойынша тиісті өтінімдер мен құжаттамаларды ұсыну жөніндегі жұмысты жандандыруы қажет екенін айтты.
Айта кетейік, 2024 жылғы республикалық бюджетті қалыптастыруда 54,7 млрд теңге сомасына жылу жүйелерінің 43 жобасына ғана өтінім берілген.

Биыл қыста Екібастұз бен Риддер қалалары жылу желілеріндегі апат салдарынан зардап шеккен болатын.

Сондай-ақ оқыңыз