Халық табысының өсімін инфляция «жеп қойып» жатыр
Фото: kursiv.media
Бір жылда халықтың ақшалай табысы 18 пайызға өскен. Алайда осы кезеңде жылдық инфляция деңгейі 20 пайызға жетті, деп жазады finprom.kz. Яғни, халық табысы өсімін инфляция «жеп жатыр».
Ресми дерек бойынша, 2022 жылдың төртінші тоқсанында қазақстандықтардың табысы жан басына шаққанда 252,4 мың теңгені құраған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 17,7% артық болғанымен, осы кезеңдегі жылдық инфляция деңгейі 19,6%-ға жеткен.
Салыстырар болсақ, 2021 жылдың IV тоқсанында халықтың табысы орташа есеппен жан басына шаққанда 214,5 мың теңгені құрап,көрсеткіш бір жылда 10,6% көбейген.
Өңірлер бойынша алсақ, ең жоғары табыс табатындар Астанада тұрады. Бұл қаланың тұрғындары жан басына шаққанда орта есеппен 357,3 мың теңге табады.
Екінші орында Қарағанды облысы тұр: 354,9 мың теңге, 23,1% көбейген. Үздік үштікті Ұлытау облысы түйіндеді: 339,1 мың теңге. Алғашқы бестікке Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстары да кірген.
Ең аз табыс табатындар – Түркістан облысының тұрғындары. Бұл өңірдегі көрсеткіш жан басына шаққанда небәрі 163,3 мың теңгені құрайды. Бір жыл бұрынғы қөрсеткіштен 23,7% көп болғанымен, республикалық орташа көрсеткіштен үштен бір есе төмен.
2023 жылғы ақпан айында еліміздегі инфляция деңгейі 21 пайыздан асып, рекорд орнатты. Ал наурыз айында сәл баяулап 18 пайыздың айналасында тұрақтады.
Сарапшылар биыл да ел бюджеті шығынының көбеюі (шығын 1,5 трлн теңгеге артты), жанар-жағармайдың қымбаттауы, коммуналдық қызмет тарифінің өсуі – жылдық инфляцияның артуына себеп деп отыр.
Жыл басында үкімет басшысы Әлихан Смайылов министрлерге биыл инфляция деңгейін екі есе, 9,5 пайызға дейін төмендетуді міндеттеген болатын.