Жаңалықтар

Расул Рысмамбетов: Қазіргі Үкімет өз-өзіне сенімсіз

Фото: Ekonomist.kz

Ресей рублінің бағасы құлдырап барады. Сонымен қатар, Еуропалық Одақ Ресейге қарсы санкциялар аясында Еуразиялық Даму банкі (ЕАДБ) қаражатын бұғаттауға үкім берді. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды. Мұның барлығы Қазақстан экономикасына қалай ықпал етеді? Осы мәселелерге қатысты «Курсив» тілшісі экономист және қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтың пікірін білген еді.

ЕАДБте Қазақстан қаражатының үлесі басым. Егер ол банкке санкция салынса, оның кесірі Қазақстанға тимей ме?

– Еуразиялық даму банкі – мемлекетаралық даму институты. Қалай дегенмен де, меніңше, трансшекаралық белгілі бір ірі жобалар бұғатталуы мүмкін. Өйткені ЕАДБ тек Ресей мен Қазақстандағы бизнесті ғана емес, мұқым посткеңестік кеңістіктегі жобалармен шұғылданады. Біздің ақшаларға ештеңе бола қоймайды деп ойлаймын. Ал егер қандай да бір ірі жобалар жайлы сөз етсек, олардың бұғатталу қаупі жоғары.

– Нақтылай кетсек, 2023 жылы қаңтарда Қазақстан 20 млрд теңгеге аталған банктің 4,2% акциясын сатып алды. Сәуірде мемлекетаралық келісімге қол қойылды. Оған сәйкес, ЕАДБ-ның негізгі капиталындағы Қазақстан үлесі 32,99%-дан 37,29%-ға артты, ал Ресейдікі, керісінше, 65,97%-дан 44,78%-ға кеміді. Осы құбылысқа қандай баға берер едіңіз?

– ЕАДБ-дағы қазақстандық үлестің көбеюіне келетін болсақ, меніңше, бұл логикалық қадам. Себебі Ресей қазір санкциялар құрсауында, сондықтан олар емін-еркін әрекет ете алмайды. Осы жағынан алғанда, ЕАДБ-дағы негізгі рөл ақырындап Қазақстан тарапына көше береді. Бұл арада мемлекетаралық көптеген ірі жобалар бар. Мәселен, суға қатысты, одан бөлек Қазақстан мен Қырғызстанның арасында трансшекаралық жобалар тағы бар. Бұл – бір мемлекет бюжетінің ақшасы жетпейтін ірі әрі ұзақмерзімді жобалар. Сондықтан оны әр мемлекет өз ақшасын сала отырып, бірлесіп жүзеге асырады. Әзірге, тікелей қауіп-қатер жоқ.

ЕАДБ – даму банкі болғандықтан, жобаға салынатын ақшалар әр мемлекеттің бюджетінде қала береді, ал банкте тек қандай да бір жобаларды қаржыландырушы мемлекеттердің міндеттемелері болады. ЕАДБ-дағы нақты бір жобаларға қауіп төнсе, бұл арада міндеттемелер бұғатталады, ал ақшаны аудармай бюжетте қалдырып, орта жолдан тоқтайтын боламыз. Яғни, қаржыландыруды тоқтатамыз. Сондықтан бұл ретте қатты үркіп-қорқудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

– Қазақстан 1 сәуірден бастап Қазақстан Еуразия экономика одағы ішіндегі тауар айналымына бақылауды күшейтетінін жариялады. Сіздіңше, неге мұндай шешім қабылданды? Әлде осындай жағдай бұрын орын алғаны ма?

– Жоқ, бұрын ондай болған емес. Еуропа бұл мәселеге қазір қатты назар аударып отыр. Сондықтан біз заңнаманы қағаз жүзінде әзірлеп қойдық. Яғни, Қазақстан өз ұстанымын танытып, Ресеймен шекаралас ел болғаннан кейін халықаралық әріптестерімізде туындауы ықтимал қандай да бір күдік-күмәнді сейілту үшін осындай жағдайға барып отыр. Бұл – халықаралық стандартқа сай қадам.

– Валюта нарығына келсек, осы айда мұнда белсенділік байқалады. Теңге долларға шаққанда осымен үшінші апта нығаюда. Ал Ресей рублінің бағамы, керісінше құлдырай түсуде. Бұл арада геосаясаттың ықпалы басым ба әлде басқа да себептер бар ма?

– Теңгенің нығаюы мен Ресей рублінің құлдырауы – екі түрлі жағдайға тәуелді. Ресей рублі неге құлап жатыр дегенге келетін болсақ, бүгінгі таңда Мәскеуге шикізат сату тиімсіз. Өйткені ресейлік шикізаттың сыртқы нарықтағы бағасына белгілі бір меже бекітілген. Әрине, сатсаң, арзанға сатасың, онда да белгілі бір көлемде ғана дегендей жағдай қалыптасқан ол арада. Содан кейін де Ресейдегі шикізат сатушылар рубль бағамын әлсіретуді сұрауда. Сонда табыстарын кішкене болса да көбейте алады. Жалпы, Ресей бюджетін осындай жолмен толықтыруға мәжбүр.

Ал теңгеге келетін болсақ, әлемдік мұнай нарығындағы баға Қазақстан үшін өте қолайлы деңгейде тұр. Қазір біз сыртқа мұнайымызды белсенді түрде экспорттап жатырмыз. Қазақстан мұнайына қатысты ешқандай шектеу жоқ. Сондықтан мұнайдың қымбаттағаны Қазақстанға жақсы, ондайда бюджетке көбірек табыс түседі. Қалай дегенмен де бүгіндері түзіліп отырған ақша бағамы нарықтық сипатқа әлдеқайда келіңкірейді. Оның үстіне таяуда ОПЕК елдері мұнай өндірісі көлемін қысқарту туралы шешім қабылдады. Бұл мұнай бағасының жоғары болып қала беретінін білдіреді. Демек, теңгенің нығаюына мүмкіндік жоғары.

– Ресей санкцияда болғандықтан, қазір Қазақстан тиімді бағада шикізатын сатуға мүмкіндік алып отыр. Қысқа болашақта да жағдай осылай бола бермек. Демек, бұл теңгенің алда тағы нығая түсетінін білдіреді ме?

– Жоқ, мен олай ойламаймын. Өйткені Үкіметке ақша керек. Олар ел экономикасына көбірек ақша салғысы келеді…

– Ал рубль ше, ол ары қарай да құлдырай беруі мүмкін бе?

– Бұл санкциялардың әсеріне байланысты. Мысалы, егер Ресей мұнайына толыққанды тыйым салынатын болса, онда жағдай тіптен қиындай береді. Мұндайда әлемдік баға шарықтай түседі.

– Ресей рублінің құлдырауына қатысты тағы бір болжам бар. Ресейлік компаниялар өз табысын сыртта ұстауға көшкен деседі. Сіздіңше, бұған не себеп?

– Ресейден ақшалардың сыртқа жаппай ағылу құбылысы байқалады, ол рас. Криптовалюта, шетел валютасы түрінде болсын. Егер Ресейдің Орталық банкі сыртқа қаражат шығаруға тыйым салатын болса, онда доллар мен евро қымбаттайды. Ал, әзірге бұл оларға тиімсіз.

Ресейлік компаниялар қазір шетелден өкілдіктер ашып, ақшаларын сонда салып жатыр. Мысалы, Дубайға, Гонконгқа дегендей. Негізгі қаражаттарын сонда сақтауға тырысады. Сондықтан бұл компаниялардың табысы Ресейдегі емес, шетелдегі шоттарына түсуде. Яғни, санкция жағдайында ресейлік кәсіпкерлер осылай амалдауға мәжбүр. Уақытша шара екені белгілі, дегенмен көмегі бар секілді өздеріне…

– Ресей рублінің арзандауы Қазақстанға тиімді ме, тиімсіз бе?

– Ресей рублі арзандаса, ресейлік тауарлар Қазақстанда бәсекеге қабілетті бола түседі. Сөйтіп, олар нарықта отандық тауар өндірушілерге аздап қысым жасай бастайды. Негізі, біз Ресейден көп нәрсе сатып аламыз. Сондықтан тұтынушыларға жақсы, әрине. Себебі арзанға түседі сатып алынатын тауарлар. Ал тауар өндірушілер үшін, әрине жаман…

– Бұл бірінші рет қалыптасып отырған жағдай емес қой. Әр кез Үкімет бұл мәселеге назар аударып, қандай да бір шешім қабылдауға мәжбүр. Мысалы, дизельдің жағдайын алайық. Бірақ сол қабылданған шешімдер өзіндік нәтиже беріп жатыр деп айта аламыз ба?

– Қазіргі Үкімет өз-өзіне сенімсіз. Сондықтан қандай да бір шаралар қабылдауға құлықты да емес. Оның орнына әліптің артын баққанды жөн көреді. Мамыр айынан кейін жағдай белгілі болады, меніңше.

Үкімет жауапкершілік алудан қорқады. Сондықтан «Президент айтсын, сол кісі бұйырсын» деп қарап отырады. Ал Мемлекет басшысы Үкімет қандай кеңес береді екен деп оларға қарайлайды. Сөйтіп бір-бірінің қабағын баққан жағдай бұл арада…

– Жақында Ұлттық банк жылдық базалық сыйақы мөлшерлемесін 16,75% жоғары деңгейінде өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдады. Сіздіңше, бұл нені білдіреді?

– Менің түсінігімде, Үкімет пен Ұлттық банк әлемдік мұнай бағасының алда қалай құбылатынын бажайлай алмай отыр. Сондықтан валюта бағамдары өзгерісіне қатысты нақты шешім қабылдауға дайын емес. Теңге бағамы мамыр айына дейін осы қалпында сақталады деп ойлаймын. Базалық сыйақы мөлшерлемесінің төмендемеуі Үкіметтің алдағы қаржылық жағдайларға қатысты бағдары айқын емес екендігін білдіреді, меніңше. Содан кейін де олар «аш құлақтан тыныш құлақ» деп оны жоғары қалпында қалдырған…

– Әңгімеңізге рақмет!