Ресей президенті Владимир Путин күзде Қазақстанға келмек

Жарияланды
Путин
Фото: Кремль

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Мәскеуге ресми сапармен барды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Мұрат Нұртілеу Ресей әдеттегідей Қазақстанның негізгі стратегиялық және бас экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Екі елді достық пен татулыққа негізделген ұзақ мерзімді әрі берік қарым-қатынас байланыстырады.

«Өзара іс-қимылдың қарқынды сипаты мен екі елдің мемлекет басшылары арасындағы достық қарым-қатынастың арқасында қарқынды, сенімді және сындарлы екіжақты саяси диалог жолға қойылды. Екіжақты сауда – экономикалық байланыс орнатылып, берік шарттық-құқықтық база құрылды», – деді еліміздің сыртқы істер министрі.

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, биыл күзде Ресей Федерациясының президенті Владимир Владимирович Путиннің Қазақстанға сапарын ұйымдастыруға дайындығын растау бағытына алғыс білдіреміз. Ол сапар аясында жемісті келіссөздер өтіп, өңіраралық форум ұйымдастыра аламыз деп ойлаймын. Аталған маңызды іс-шараны ұйымдастыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Форум Қостанай қаласында өтеді», – деп толықтырды Мұрат Нұртілеу.

Ресей Федерациясының сыртқы істер министрі Сергей Лавров қазақстандық әріптесін жуырда өткен парламенттік сайлау және Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі болып тағайындалуымен құттықтады.

«Біз президенттеріміз қол жеткізген уағдаластықтарды орындау, екіжақты қарым-қатынас сабақтастығын қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс істеуді жалғастыратынымызға сенімдімін. Сізде өте бай жұмыс тәжірибесі бар, соның ішінде сыртқы саясат саласында. Одақтас, стратегиялық әріптестік қарым–қатынасты одан әрі дамыта беретінімізге сенімдімін», – деді Ресей СІМ-нің басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз