Ресейден автокөлікпен тасымалданатын бидайға тыйым салынды: Қазақстанда бидай бағасы көтеріле ме?

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Қазақстанға Ресейден алты ай бойы автокөлікпен бидай тасымалданбайды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі осындай бұйрыққа қол қойып, бұл құжат заңды негізде күшіне енді.

«Қазақстан Республикасының аумағына автомобиль көлігімен тұқымдық бидайды қоспағанда, бидай импорттауға алты айға тыйым салынсын. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін», делінген Ауыл шаруашылығы министрінің бұйырығында.

Осыған байланысты Қазақстан диқандарында бидай бағасына қатысты үміт пайда болды. Иә, биліктің бұл шешімі – көрші мемлекеттен қосымша құн салығы төленбей, жүк көліктерімен келетін контрабандалық астыққа шектеу қояды. Нәтижесінде қазақстандық бидайдан 12 пайызға арзанға түсетін бидай көлемі азая түспек. Сол себептіде шаруалар бұл жағдай бидай бағасының көтерілуіне септеседі деп сенеді.

Егер тыйым салынса, Ресейден келетін астық ағыны айына 400 мың тоннаға азаяды деп күтіліп отыр. Ал диқандар 3-ші сортты бидай бағасының 120 000 теңгеге дейін көтерілуін күтеді. Алайда сарапшылар бұл тыйымның бидай бағасына айтарлықтай әсер ете қоймайтынын айтады. Оның бірнеше себебі бар.

Біріншіден, Қазақстанда астық көлемі өте көп. Яғни күзден бері экспортталмаған бидай көлемі шамадан артық. 2023 жылғы 1 қаңтарындағы Ұлттық статистикалық бюросының мәліметіне сенсек, елімізде 11,3 миллион тонна азық-түлік бидайы бар. Тiптi, айына 1 миллион тонна астық пен ұнды сатып отырғанның өзінде қоймада 3 миллион тоннадан артық бидай қалады екен. Мұның өзі көп. Сатылмаған бұл көлем ресейлік астықтың ағыны тоқтаса да, бағаға қысым жасай береді.

Шындығында, Ресейден басқа жолдармен келетін импортты ескерсек, өтпеген бидай көлемі бұдан әлдеқайда жоғары болмақ.Екінші себеп те осы. Ресейден келетін бидайға толық тыйым салынбады. Бидай тек автокөлікпен тасымалданбайды. Ал теміржол арқылы келетін бидай сол күйі елімізге кедергісіз кіре береді. Бұл да егіншілеріміздің үмітінің ақталуына кедергі.

Үшіншіден, долларға қатысты теңгенің күшеюі. Яғни доллар төмендеген сайын, бидайдың теңгеге шаққандағы құны да арзандай береді. Ал рекордтық көрсетікшітермен өнім алған Ресей өз бидайын қандай бағаға болсын сатуға тырысады.

Ресейде бидайдың тоннасы бүгінде қосымша құн салығын қосқанда 12 000 рубль. Ал біздің бағада оның тоннасы 68 000 теңге болады. Қазақстанға жеткізу шамамен 80 мың теңгеге шығады. Бұл бидайдың бір бөлігі Орталық Азияға қайта экспортталады. Оған тасымал бағасын қосқанның өзінде арзанға түседі. Яғни, Өзбекстан мен Ауғанстан қазақстандық астықтың тоннасына қазіргі 235-240 доллардан артық ұсынбайтыны анық. Отандық саудагерлер де қазақстандық диқандарға осы бағадан артық баға ұсына алмайды.

Төртіншіден, Ресейден келетін контрабандалық бидай тоқтап қалмайтыны анық. Ол бидай тіпті арзанға түседі. Бәлкім, қазіргідей көлемде болмаса да, амал айласын тауып, импортқа рұқсат етілген дәнді дақылдар – тұқымдық бидай немесе арпа деген желеумен өткізіп алуы мүмкін. Осылайша бидай бағасының реттелуіне кедергі болатын факторлар арасында осындай заңсыз әрекеттер мен жемқорлық мәселесі де бар.

Бесіншіден, Орталық Азиядағы сатып алушылардың экспорттық баж салығы салынбайтын ресейлік ұн сатып алу мүмкіндігі бар. Қазақстанның оңтүстік шекарасындағы ұн бағасы қазір тоннасына 310 долларды (140 000 теңге) құрайды. Осы бағаға сүйене отырып, шикізат құны да анықталады. Мұндайда бидайдың құны тоннасы 200 доллар немесе сол 90 мың теңге ғана болады.
Осылайша сарапшылар, Қазақстан диқандарының бидай тыйымынан үміттенуіне негіз жоқ деп санайды. Шамалы өсім болуы мүмкін, бірақ мамандар оның 10 доллардан аспайтынын айтады.

Сондай-ақ оқыңыз