Алматының тау бөктеріндегі аудандардағы жүйесіз құрылыс қала тұрғындарының денсаулығы мен аймақтың табиғи ландшафтына қауіп төндіріп отыр. Бұл туралы Сенат отырысында Үкімет басшысына сауал жолдаған депутат Андрей Лукин мәлімдеді.
Сондықтан, сенатор осы жерлерге егжей-тегжейлі инвентаризация жүргізуді және жауапкершілікті арттыра отырып, тиісті аумақтарда жеке құрылысқа тыйым салу туралы заңнамалық түзетулер енгізуді ұсынды.
«Жекелеген құрылыс компаниялары бизнеске тексеру жүргізуге енгізілген мораторийға сілтеп, жердің нысаналы пайдалану мақсатын шаруа қожалығынан немесе бау-жақша қожалығынан жеке тұрғын үй салуға өзгертеді. Содан кейін, тау бөктерлеріне жақын аумақта көп қабатты тұрғын үй кешендерінің құрылысын салады», дейді Андрей Лукин.
Оның сөзінше ТЖМ мұндай учаскелерде құрылыс салу қауіпті екенін техногенді сипаттағы апатқа әкеліп соғуы мүмкін екенін бірнеше рет ескерткен. Өйткені мұндай учаскелер капиталды құрылысқа жарамайды.
«Жылжымайтын мүлік саласында жарнама беретін қазақстандық ірі сайттардың бірінде Каменское плато ықшам ауданында 50 сотықтан бастап гектарға дейін жер телімдерін сату туралы хабарлама берілген. Бұл учаскелер бір кездері шаруа қожалықтары ретінде берілген болатын, ал қазір коттедж қалашықтары, таунхаустар, клуб үйлері үшін «ең жақсы орын» ретінде сатылып жатыр. Бір хабарландыруда тіпті меншік иесі тіпті мемлекеттік органдардағы таныстары арқылы жердің нысаналы мақсатын өзгерту мен қайта рәсімдеуге көмектесе алатынын да жазған», дейді Андрей Лукин.
Сенатор Алматы аудандарының экологиялық тепе-теңдігі мен тау бөктеріндегі ерекше ландшафы адамдардың белгілі бір тобының пайдаға кенелу мен баюға құнығуына байланысты жойылып кету қаупі төніп тұр деп санайды.
Андрей Лукин осыған байланысты Үкіметке Алматы қаласының таулы және тау бөктеріндегі аудандарының және облыстың қалаға іргелес аудандарының жерлеріне егжей-тегжейлі түгендеу жүргізуді, қолданыстағы заңнамаға жеке құрылысқа толық тыйым салуды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізуді, жерді түгендеу аяқталғанға дейін және тиісті НҚА-ны қабылдағанға дейін жер беруге мораторий жариялауды, сондай-ақ елді мекендердің рекреациялық аймақтарында егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын бекіту арқылы жердің нысаналы мақсатын пайдалануды өзгерту тәжірибесіне тыйым салуды ұсынды.