Тиісті деңгейде күтіп ұсталмаған энергия объектілері мемлекет меншігіне өтуі мүмкін

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Энергия объектілерін тиісті деңгейде күтіп ұстамай, тіршілікке қажетті жүйелердің қызметіне қауіп төнген жағдайда мемлекетке оларды меншіктен алып қою құқығы берілетін болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Әлихан Смайылов айтты.

Үкімет басшысының айтуынша, өткен жылыту маусымында апаттардың саны айтарлықтай өсті – тіпті ірі қалалардың өзінде жылу энергиясының жетпей қалуынан орташа температураны төмендетіп беруге тура келді. Негізгі жабдықтардың тозуына байланысты басқа да инфрақұрылымдық ақаулар болды.

Жалпы, Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұған дейін жабдықтардың техникалық жай-күйіне уақытылы, кешенді және объективті бағалау жүргізілген жоқ. Одан бөлек жылу электр орталықтарының басшылығы мен иелерінің жауапкершілігі төмен.

«Уәкілетті мемлекеттік органдардың нұсқаулықтары тек қана ұсыныс деңгейінде болды, меншік иелерін оларды толықтай орындауға міндеттемейді. Сондықтан қордаланып қалған мұндай проблемалар өте көп. Олардың басым бөлігі жылу желілерінің тозуына қатысты», — деді Үкімет басшысы.

Осыған байланысты биыл Үкімет энергиялық бақылау қызметін заңнамалық тұрғыдан күшейтіп, оларға жоспардан тыс тексерулер жүргізу құқығын береді.

Сондай-ақ 2 мың шақырым жылу желілері жеке меншікте. Олардың тозу деңгейі шамамен 77%-ды құрап отыр. Осыған байланысты осы желілердің жағдайына және жөндеу жұмыстарының міндетті түрде жүргізілуіне бақылауды күшейту керек.

«Энергия объектілері иелерінің жауапкершілігін арттырып, оны оны қызмет көрсету келісім-шарттарында қарастыру керек. Шарт талаптарын орындау ұсыным түрінде емес, міндетті болуға тиіс», — деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар Үкімет басшысы жеке меншіктегі жылу желілерін бюджеттік кредиттеу арқылы реконструкциялау мәселесін пысықтау керектігін айтты. Қаржыны қайтару «Тарифті инвестицияға айырбастау» шеңберінде жүргізілетін болады.

Үкімет басшысы барлық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй және әлеуметтік сала объектісінің алдағы 2023-2024 жылыту маусымына дайындығы бойынша іс-шаралар жоспарын бекітіп, оны тез арада іске асыруға кірісуі қажеттігін айтты.

Әлихан Смайылов 1 маусымға дейін қолданыстағы жылу желілерінің жағдайына техникалық тексеру жұмыстарын аяқтау және осы жұмыстардың қорытындысы бойынша апатты жағдайдағы жеке меншіктегі жылу желілерін коммуналдық меншікке берудің қажеттілігін анықтау керек екенін айтты.

Жалпы, 2023 жылы жылу желілерін жаңартуға 69,4 млрд теңге бөлінді.

Сондай-ақ оқыңыз