Әлемдік қаржы нарығындағы жағдай мұнай бағасына әсер етті – Ұлттық банк

Жарияланды
Страны, не входящие в ОПЕК, увеличат добычу нефти

Фото: shutterstock.com

Өткен айда сыртқы нарықтардың жағдайы қарқындап дамыды. АҚШ пен Еуроаймақтағы банк жүйесінің орнықтылыққа байланысты тәуекелдері құбылмалылықты күшейтіп, жаһандық инвесторларды тәуекелден бас тартуға итермеледі. Реттеушілер мен орталық банктер тез әрекет жасап, нарықтағы  жай-күйді қалпына келтіруге үлес қосты.

Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова теңге бағамының динамикасы мен қаржы нарығындағы соңғы үрдістер жайлы айтып өтті

«Банк секторындағы күйзеліс АҚШ ФРЖ ақша-кредит саясатының траекториясына қатысты жаһандық инвесторлардың күтулерін агрессивті түрде қалпына келтіруге қозғаушы күш болды. Реттеушінің наурыз айындағы отырысы қатаң саясатқа көшу циклі жақын арада аяқталады деген күтулерді күшейтті. Дегенмен, АҚШ ФРЖ мөлшерлемені 4,75-5%-ға дейін 25 базистік тармаққа көтеру туралы шешім қабылдап, биыл мөлшерлеменің 5-5,25%-ға дейін бір рет көтерілуі мүмкін деген күтулер сақталды», дейді Әлия Молдабекова.

Инвесторлардың нарықтық күтулері де АҚШ ФРЖ өкілдерінің қазіргі бағалауымен сәйкес келеді: егер ақпан айының соңында нарық мөлшерлеменің 5,4%-ға дейін өсуін белгілесе, қазір бұл бағалау 5%-ға дейін төмендеді. Яғни, фьючерстер де мөлшерлеме бойынша қалған бір көтерілудің барын білдіреді.

Мұнай бағасына не әсет етті?

Банк секторындағы проблемалардан туындаған рецессия тәуекелдерінің күшеюі мұнай бағасының соңғы 15 айдағы ең төменгі мәннен 1 баррель үшін 70,12 АҚШ долларына дейін төмендеуінен көрінді. Дегенмен, банк дағдарысы төңірегіндегі қауіп сейілгендіктен, мұнай бағасы наурыздың соңғы аптасында қайта көтеріліп, айды 1 баррель үшін 79,8 АҚШ доллары деңгейінде аяқтады.

Бір ай ішінде ішкі валюта нарығында АҚШ пен Еуропаның банк секторында ахуалдың нашарлауына байланысты нарыққа қатысушылардың сентименті нашарлап, мұнай бағасы төмендеді. Құбылмалылықтың өршуі осыған байланысты болды.

Айдың қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 452,7 теңгеге дейін 1,6%-ға әлсіреді. Бір ай ішінде квазимемлекеттік сектор компанияларының валюталық түсімдерін сатуы және бюджетке трансферттер бөлу аясында Ұлттық қордағы активтердің бір бөлігін конвертациялау – теңгеге қолдау көрсетті.

Квазимемлекеттік компаниялардың сауда-саттығы 253 млн АҚШ долларына шықты. Ұлттық қордан жүзеге асырылған сатылым 721 млн АҚШ долларына теңесті. Бұл біз болжаған 750-800 млн АҚШ долларлық мәннен бішама аз. Теңгедегі шотқа түскен түсімдер бойынша нақты және болжамды деректер арасындағы айырмашылыққа немесе Қаржы министрлігі тарапынан шығарылған түзетулерге байланысты мұндай жағай туындауы мүмкін. Сәуірде қолда бар жоспарлы бағдарға сәйкес күтілетін сату көлемі 550-650 млн АҚШ долларын құрайды.

Алтын-валюта резервтерінің динамикасы қандай?

Наурыз айының қорытындысы бойынша, алтын-валюта резервтері 1,6 млрд АҚШ долларына ұлғайды және 36,1 млрд АҚШ долларын құрады. Резервтердің ұлғаюы көбінесе бір айда 1810,20-дан 1978,80-ге дейін 9,3%-ға өскен алтын бағасының өсіміне байланысты болып отыр. Бағалы металға деген сұраныстың артуынан, оның ішінде инвесторлардың АҚШ пен Еуропадағы банктердің банкроттығына қатысты қауіптен туындады. Қазіргі уақытта банк секторындағы жағдай қалыпқа келгенімен, алтынның бағасы АҚШ ФРЖ саясатының «кері бұрылуы» мен мөлшерлемені төмендету циклінің басталуы туралы күтулерге байланысты әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Алтын бағасының өсуінен болған оң әсер ЕДБ қаражатының Ұлттық Банктегі валюта шоттарынан әкетілуімен ішінара теңестірілді.

Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлеміне әсер еткен факторлар

Алдын ала деректерге сәйкес, Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі өткен айда 1,05 млрд АҚШ долларына ұлғайып, наурыз айының соңында 58,4 млрд АҚШ долларын құрады.

Нарыққа қатысушылар АҚШ өңірлік банктері мен швейцариялық Credit Suisse банкінің проблемаларын ұдайы назарда ұстап отырды. Silicon Valley Bank пен Signature Bank банкроттығынан кейін нарықта құбылмалылық артып, Credit Suisse-дегі проблемалар АҚШ пен Еуропа реттеушілері тарапынан банк секторының уақтылы қолдауымен теңестірілді. Тәуекел дәрежесінің өсуі акциялар мен облигацияларды қайта оң бағалауға әсер етті. Нәтижесінде Ұлттық қордың инвестициялық кірісі наурызда 1,5 млрд АҚШ долларын құрады. Сонымен бірге, Ұлттық қорға түскен валюталық түсімдер активтердің өсуіне ықпал етті. Олардың мөлшері наурызда шамамен 300 млн АҚШ долларын құрады. Өткен айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт түрінде 473 млрд теңге аударылды. Осы мақсатта ішкі валюта нарығында 721 млн АҚШ долларына активтер сатылды.

Сондай-ақ оқыңыз